Қазақстанда жеңіл шарттармен баспана алуды ұсынатын компанияларға тексеріс жүруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАСПАНА МӘСЕЛЕСІ
Депутат Мақсат Толықбай мәжілісте баспана мәселесін көтерді.
- Қазір қазақтың ең әлсіз әрі жанды жері – баспана. Өйткені, үйсіз-күйсіз жүрген адам көп. Солардың жанды жерінен ұстап, тырп еткізбей ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, оңай олжа тапқысы келетін әккі алаяқтардың «Кооперативттік жолмен ипатекаға баспана алыңыз!», – дейтін жарнамасынан көз сүрінеді. Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігінің елдегі ең ірі тұрғын-үй кооперативтерінің бірі «Asar Baspanаны» қаржы пирамидасы деп айыптап, қызметін тоқтатып, ұйымдастырушыларды қамауға алғандығы туралы тараған ақпарат қоғамды дүр сілкіндірді. Компания кеңсесін тінту кезінде 1,2 млрд теңге қолма-қол ақша, премиум класты көліктер тәркіленді. Енді біздің телефонымызда тыныштық жоқ. Өйткені, «Asar baspana»-ның салымшылары өте көп екен. Олардың «үй аламыз» деп жүрген үміттерінің бір күнде күл-паршасы шыға ма деп алаңдаймын. Салы суға кеткен салымшылардың көңілі күпті, дейді депутат.
Толықбайдың сөзінше, қоғамда алаяқтар айласын емір-еркін асырып жүр, Былтыр «алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыстың саны 45 мыңнан асқан. Ал осы қаржы пирамидаларына халық бір жылда 20 млрд теңге салған.
- Бұл бағытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және мәдениет министрлігі, Ұлттық банктен бастап Қаржы мониторингі агенттігіне дейін барлығы жұмыла жұмыс істемесе, қам көңіл қара халықтың арман тілектері әдірам қалып, әккі алаяқтар әлі талайды сан соқтырмақ. Ең басты мәселе – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Алаяқтар жиі қолданатын жүйелерді БАҚ, әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарату қажет. Елдің бәрі телефонда отыратын заман. Тик-Ток, инстаграмм, фейсбук сияқты желілерді бақылауға алу маңызды. Себебі, алаяқтар көбінде заманауи технологияны пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы халықты алдап-арбап жатыр. Президенттен бастап, танымал миллиардерлердің фотосын, ірі компаниялардың атын жамылып, халықты инвестор болуға шақыратын псевдокомпанияларға бейресми ақпарат бойынша елде 150 мыңнан астам тұрғын тіркеліп үлгерген. Бұның бәрі несие алып, алданып жатқан жерлестеріміз. Ал оның арты үлкен әлеуметтік толқуға әкелетіні сөзсіз, дейді Мақсат Толықбай.
Депутат әсіресе, ипотекамен баспана алуға үгіттейтін тұрғын-үй кооперативтерінің схемасын көпшілік әлі де түсіне бермейтінін айтады.
- Әрине, кооперативтердің жарнамасы үйсіз жүрген адамды елең еткізбей қоймайды. Пайызсыз төлем дейді. Тұрақты табыс сұрамайды. Зейнетақы жинағыңа қарамайды. Кепілге мүлік талап етпейді. Алғашқы жарнасын төлесең болды. Кезегің келгенде үй аласың дейді. Былай қарасаң бәрі керемет. Сізге «Тұтыну кооперативі» туралы заңды көрсетеді. Пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлап жатқандардың бейнеролигін тықпалайды. Кооператив қызметкерлері де мұнтаздай, момын, монтана. Ақ жейде киіп, галстук тағып алып, «біз алдамаймыз» деп айқайлап тұрғандай көрінеді, дейді депутат.
ҰСЫНЫС
Депутат үй сатып алу үшін азаматтардың ақшасын тікелей немесе жанама түрде тартатын барлық кооперативтердің қызметін қатаң түрде реттеуді сұрады. Сонымен қатар, алданғандар санының артуына жол бермеу мақсатында үкіметке бірнеше ұсыныс жасалды.