Қызылорда облысында шетелдік компанияға жалданып жұмыс істеген азаматтар үш айдан бері еңбек ақы ала алмай келеді. Ал компания өкілдері «мәселені шешуге тырысып жатырмыз» деуден әрі аспай жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Almaty.tv телеарнасының мәліметінше, жүргізушілер бұған дейін Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолды салуға қатысқан. Қазір жұмыс екінші кезеңде. Ал қара терге түсіп, қанша еңбек етсе де, ақы ала алмай жүрген азаматтар 200-ге тарта ауыр техникамен шетелдік компанияға жалданып, құрылыс материалдарын тасыған.
- «Лунзянь» компаниясында жол басталғалы жұмыс істеп келе жатырмыз. Тас тасумен айналысамыз. Ақшаны үш айдан бері бермеді. Барлығымыздың отбасымыз, бала-шағамыз бар. КамАЗ-ды жүргізу үшін де ақша керек. Бір өзіме 3 млн теңге қарыз, деді көлік жүргізушісі Серік Пернешов.
Көлік жүргізушісі Мұхамеджан Ахметовтің сөзінше, 200-ге жуық жүргізуші бар. Үш ай жалақы берілмеген. «Беретін ақшамыз жоқ» депті. Жүргізушілер несиесін кредит алып жауып отыр.
КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ
Көлік жүргізушілері бұған дейін қанша шырылдағанымен мердігер компанияның өкілдері «мәселені шешуге тырысамыз» дегеннен әрі аспапты. Әзірге мекеме тарапынан мардымды жауап жоқ.
– Қытайдағы негізгі кеңседе ақша жіберілуі керек еді. Олар да бере алмай отыр. Жүргізушілердің жалақылары сондықтан кешігіп жатыр. Шыны керек, өзіміз де асыға күтіп отырмыз. Біз мұнда жобаны атқару үшін келдік. Барынша мәселені шешуге тырысып жатырмыз, деді шетелдік компанияның өкілі Ван Ю Э Вен.
“ҚАЗАВТОЖОЛ” ПІКІРІ
Ал «Қазавтожол» мекемесінің өкілдері «аталған шетелдік компания алдында берешегіміз жоқ» дейді. Тіпті мердігерлер салған жолдың кейбір бөлігі қабылданып үлгермеген көрінеді. Сондықтан елеусіз еңбекке қатысты дау әлі басы ашық күйінде қалмақ.