Әуежайда қаскөйдің қолынан пышақты жұлып алған адам әнші, "Жігіттер" квартетінің мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың ағасы болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Абдраймов Мұса Сайрамбайұлы. 1973 жылы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген. 9 баланың кенжесі. Кәсіби спортпен шұғылданған. Қазіргі таңда 5 баласы бар, ардақты әке. Бүгінгі ерлігі рас ел шулап жатыр. Намысты жігігіттің бәрі сондай батылдық жасар еді. Ешкім батыр боламын, қахарман боламын деп жоспармен жүрмесі анық. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, өміріңізді тапсыра салғаныңыз ерлік! Бұлай ГЕРОЙ боларын білгенде таңда бізді шығарып салғанда суретке түсіп алар едік. Сағат 9:25 те Қостанайға ұшқанда көргенбіз, аманатын ап кеткенбіз. Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті. Бала - шағаның несібісіне таусылмасын, деп жазды әнші.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Айта кетейік, Алматыда ер адам әуежай қызметкеріне пышақпен тап берген болатын. Телеграмда ер адам әуежай қызметкерінің шашынан ұстап алып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқан видеосы тарады. Ер адамның қолында пышақ болған.
Артынша белгісіз ер адам қаскөйге қызды жіберіп, кепіл ретінде өзін ұсынып, қасына келген.
Желіде тараған видеоларда ер адам алдымен қаскөймен сөйлесіп тұрып, артынша қолындағы пышағын жұлып алады.
ЕР АДАМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Әуежай қызметкерін қаскөйден аман алып қалған ер адам – 52 жастағы Мұса есімді тұрғын. ZTB мәліметінше, ол бес баланың әкесі. Сонымен қатар, ол белгілі актриса Аружан Мұсаның әкесі. Актриса жарнама роликтеріне түсіп, “Тырна” сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған.