×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мереке екен деп шыршаны қырқу ата дәстүрімізде болмаған - сенатор

30.12.2021, 09:36
Мереке екен деп шыршаны қырқу ата дәстүрімізде болмаған - сенатор
Фото: Ашық дереккөзден

Сенатор Ақылбек Күрішбаев жаңа жыл қарсаңында шыршаның аяусыз қырқылуына алаңдайтынын жеткізді. Осы мәселе бойынша депутат Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бұл сауалымызға, жаңа жыл мерекесі қарсаңында көптеген сауда алаңдарында таудай үйілген жасыл шыршалардың сатылуы негіз болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Ресейден алып келіп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мыңды құрайды екен. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген ақпаратында – 106 мың дана. Осыдан орынды сұрақ туындайды: «импорттық өнім» деп ақпараттандырып, заңсыз кесілген өзіміздің шыршалар сатылып жатқан жоқ па?», - дейді ол.

Оның айтуынша, кең байтақ Қазақстанның жерін көгалдандыру, жасыл желекпен қамту әрбір қазақстандықтың міндеті деп айтуға болады. Бірақ бірнеше күндік қызыққа бола, ормандарымызға зиян келтіріп, өсіп тұрған ағаштарды қырқу ата дәстүрімізде болмаған.

«Бір ағашты кесу арқылы біз жылына 100-ден 700 кг-ға дейін (оның түріне байланысты) оттегін жоғалтамыз, орманның 1 гектары 10 тоннадан астам көмір қышқылын жинап отырады. Осы факторды ескерсек, бүкіл әлемдегі ормандар экономиканы декарбонизациялауға айтарлықтай үлес қосып, жасыл технологиялардың дамуына ықпал етеді. Сондықтан, мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биологиялық әртүрлілікті сақтау мен ұтымды пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспарын бекіту және бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы – бүгінгі уақыттың талабы», - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Ол сонымен қатар 90-шы жылдары ірі орман өрттерінің салдарынан Ертіс өңірінің реликті тоғайлы ормандарында, Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы қарағайлы және аралас ормандарда шамамен 350 мың гектар орман жойылып кеткенін айтады. Сонымен қатар, ірі өзендер арнасының тартылуы салдарынан Қазақстан жайылмалы орман алқаптарының едәуір бөлігін жоғалтқан.

«Біріншіден, бүгінде бұл саладағы ең қиын мәселе - кадрлармен қамтамасыз ету. Егер 30 миллион гектарға жуық аумақта орман қорын бақылауды тек 147 инспектор жүзеге асырса, орман ресурстарының сақталуы туралы не айтуға болады? Олардың санын бұрынғыдай кемінде екі есе көбейту ұсынылады. Екіншіден, орман өсіруде орман көшеттерін сапалы отырғызу ғана емес, оларға ұзақ мерзімді күтім жасау да маңызды. Әйтпесе, бұл мақсатта жұмсалған бюджет қаражатын ысырап етуге болады. Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін айтарлықтай нығайту қажет. Үшіншіден, мамандар «орманды сапалы дамыту тұқымнан басталады» дейді. Осыған байланысты заманауи селекциялық орталықтар құрып, еліміздің барлық өңірлерінде орман тұқымы кешендерін ұйымдастыру қажет. Төртіншіден, жоғарыда айтылғандай, біз өрттің салдарынан орман алқаптарын көп жоғалтамыз, сондықтан әр орман шаруашылығында оны ерте анықтау үшін өртпен күресудің заманауи технологиялық жүйесін қалыптастыру өте маңызды», - деді сенатор.