Әділет министрлігі тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Құсайынов бес бастамашыл топ партияны тіркеуге өтініш бергенін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
КОМИТЕТ ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ
Дәурен Құсайыновтың айтуынша, қазіргі таңда бастамашыл топтардың партия құру бойынша өтінімдері әділет министрлігінің қарауында жоқ.
2024-2025 жылдарды қарасақ, былтыр 4 бастамашыл топтан өтінім келген. Олардың өтінімдері біздің заңнаманың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды. 2025 жылы бір өтінім түскен. Ол бойынша бастамашылық еткен азаматтардың тізімі сәйкес келмеуіне байланысты одан да бас тартылған. Бастамашыл топтың өтінішінде 700-ден астам адамнан кем болмауы тиіс. Заңнамада оларға әртүрлі талаптар қойылған. Біз өтінімді тексерген кезде азаматтардың тізімі сәйкес келмеді, – дейді ол.
2024 жылы – “Ынтымақ”, “Алға, Қазақстан”, “Халық дербестігі” және “Ел тағдыры” бірлестігі, 2025 жылы “Ел тірегі” партиясын құру бойынша өтінім келіп түскен. Алайда олардың бірде-бірі партия ретінде тіркеле алмаған.
“30-ШЫ РЕТ КЕЛДІК”
Өткен айда тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының мүшелері Астанадағы әділет министрлігі ғимаратына келіп, партияны тіркеу жөнінде өтініш түсірген еді. Ұйымның уәкілетті хатшысы Айнұр Алтынбекова әділет министрлігіне 30-шы рет келіп отырғандарын айтқан болатын. Осы ұйымның жетекшісі әрі бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 2023 жылы қарашада 10 жылға сотталып кеткен еді. Сот оны жемқорлық жасады деген айыппен соттаған.