Ulysmedia.kz порталына хабарласқан Алматы қаласының тұрғыны Beeline компаниясы өзіне 600 мың теңге төлеткелі отырғанын айтып шағымданды.
ААА
Дидар Кәрібаев есімді алматылық жігіт таксопарк ашу үшін Билайн компаниясынан 100 сим-карта сатып алған. Ондағы мақсаты – өзіне тіркелген такси жүргізушілеріне тегін таратып бермек болған. Бір нөмірін ғана қосып, 99-ын қоспаған.
Таксопарк ашамыз деп жүрген кезде мемлекет “Бухта” дегенді ашып тастады. Біз сияқты енді бастаған кәсіпкерлерге таксопарк ашу тиімсіз болып қалды. Жарайды деп, қоя тұрғанбыз. Билайнның сим-карталары сол кезде ашпадық. Маған Билайн 1 млн теңге шот жіберді. Неге десем, 100 нөмір алғансың дейді. Дауласып жүріп, 600 мың теңгеге дейін түсірдік. Заңды тұлғаға арналған корпоративті нөмір еді. Олар шотымды бұғаттапты. Не себепті бір ғана нөмірді пайдаланғанымыз үшін 600 мың теңге төлеуім керек? Жалпы сот шығынымен 720 мың теңге төлейтін болдым. Қолданылмаған 99 нөмір тұр. Адамша “бәрін қайтарып берейік” дедік. Бірақ бәрібір ақшаны төлейсіңдер дейді, – дейді ол.
КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia.kz порталы Beeline компаниясына хабарласты. Жауап компаниядан бүгін келді.
Біздің абонент 100 сим-карта алып қана қойған жоқ. Ол корпоративті тарифке қосылды. Мұндай жағдайда төлеу тәртібі жеке тұлғалар төлейтін әдеттегі төлемнен ерекшеленеді. Абонент көрсетілетін қызметтің бағасын да, шарттарын да білді. Біз сонымен қатар, оған өз тарапымыздан қарыз екенін ескерттік, – дейді компанияның баспасөз қызметі.
Компания егер абонент корпоративті байланыс шарттарын ертерек үзгенде төлейтін сомасы азырақ болар еді деп ақпарат жіберді.