Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің өңірдегі жер сілкінісінен кейінгі ахуал бойынша баяндамаларын тыңдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президент премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Үкімет облыстағы ахуалды бақылауға алды.
ҮКІМЕТ
Бұған дейін үкіметтік жұмыс тобы жағдайды сараптап, бағалау және шара қолдану үшін Жамбыл облысына жіберілген болатын.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында болған жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге жіберілді.
Сондай-ақ жұмыс тобы құрамында – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ филиалының басшылығы, Үкімет Аппаратының өкілдері бар.
ТАПСЫРМА
Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды.