Ресейдегі қазақстандықтар енді жүргізуші куәлігін пайдалана алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Коммерсантъ мәліметінше, 1 сәуірден бастап Ресейде кейбір жүргізушілер үшін қазақстандық жүргізуші куәліктері жарамсыз болды. Енді Ресей Федерациясында тұрақты тұруға рұқсаты бар немесе азаматтық алған шетелдіктер көлік басқару үшін міндетті түрде ресейлік жүргізуші куәлігін алуы тиіс.
ТАЛАП
«Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» заңға сәйкес, бұл талап 2024 жылғы 1 сәуірге дейін Ресей азаматтығын немесе тұрақты тұруға рұқсат алғандарға, сондай-ақ осы күнге дейін шетелдік жүргізуші куәлігімен елге кірген ресейліктерге қатысты. Егер олар 1 сәуірден кейін көлік тізгініне қазақстандық немесе басқа шетелдік куәлікпен отыратын болса, бұл жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару ретінде қаралып, 15 мың рубльге дейін (90 мың теңгеден аса) айыппұл салынады.
Бұл талап тек Беларусь азаматтарына және Беларусь жүргізуші куәлігі бар ресейліктерге қатысты қолданылмайды.
Бұған дейін шетелдік жүргізуші куәліктерін ресейлікке емтихансыз ауыстыруға мүмкіндік болған еді, бірақ жеңілдетілген мерзім 1 сәуірде аяқталды. ІІМ дерегінше, осы уақытқа дейін шамамен 500 мың жүргізуші куәлігін ауыстырған. Енді М, A және B санаттары үшін теориялық емтихан тапсыру қажет болса, C және D санаттары бойынша алдымен автошколадан өтіп, кейін теория мен практиканы тапсыру керек.