Прокурор Дана Сәрсенбай Талдықорғанда өтіп жатқан сотта Шерзат Полаттың өлімі тіркелген кездегі медицина сараптамасының қорытындысын оқыды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ
Прокурор Дана Сәрсенбайдың айтуынша, “Қамажай” дүкенінің алдындағы төбелестен кейін Қаржаубай Нұрымов көлігіне баласы Шерзат пен бауыры Нұрқанатты салып алып, жан ұшырып Талғар ауданының орталық ауруханасына жеткізген.
Іс бойынша жүргізілген медициналық сараптамаға сәйкес, Шерзаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтан кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаттың салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01.30-да Талғар орталық ауруханасының стационарында расталды, – деді прокурор.
Дана Сәрсенбай осыдан кейін Шерзат Полаттың денесінде анықталған басқа да жарақаттарды атады. Алайда сөзінше, ол жарақаттар өлімге себеп болмаған.
Мәйітті зерттеу кезінде келесі дене жарақаттары анықталған: ішкі және сыртқы қан кетуін тудырған сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің зақымдалуы мен гемматорекс, қуысында 1500 миллиграм деңгейінде қанның болуы, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген және бұл өмірге қауіп төндіретін және жәбірленушінің өлімімен тікелей себепте байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян келтірді. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу, кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған. Сыртқы дене жарақаттары: сол жақ желке аймағында бастың көгеруі, төменгі қабаққа және оң жақ аймаққа ауысатын оң көздің ішкі бұрышында үшінші саусақ фалангасы деңгейінде, оң қолдың екінші және үшінші саусақтарындағы негізде, оң көздің төменгі қабағында, оң жақтағы дигомитикалық аймақта, сол жақ ерін аймағында, оң білектің төменгі ішкі бөлігінде, алдыңғы бетінде, бесінші саусақтың негізгі фалангасының сол жақ қолының артқы бетінде, ол жіліншіктің жоғарғы үштен бірінің сыртқы бетіндегі сызаттар ауруханаға түскенге дейін тұйық, қатты заттың күшінің әсерінен және жәбірленушілерге, күдіктілерге және басқа тұлғаларға денсаулығына келтірілген зардапты анықтау мақсатында сараптамаға сәйкес, аталған жарақаттар денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына әкелмейді. Жәбірленушінің өліміне бұл себептер тікелей байланысты емес деп көрсетілген, – дейді прокурор.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Бұған дейін Шерзат Полаттың ісінде жәбірленушілер де, сотталушылар да сотты Алматыда өткізуді өтінген еді. Судья келіспеді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.