Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильм" киностудиясы төңірегіндегі дау жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Біз қазір “Қазақфильмді” отбасы бос уақытын өткізе алатын орынға айналдыру үшін инвесторды іздеп жатырмыз. Ол жерге бір кинотеатр, жабық кинотеатр салып, Қазақфильмнің музейін көтерсек дейміз. Тақырыптық дүкендер ашылып, Қазақфильм шынында да отбасылар уақытын қызықты өткізе алатын, отандық киноларды тамашалай алатын орынға айналса дейміз, – деді Аида Балаева.
Аида Балаева “біздің оппоненттер киностудияның жерін біреуге сатып жіберді, біреуге беріп жіберді деп ақпарат таратады, ол өтірік” деп мәлімдеді. Қазақфильмнің жері сол ұйымның кәдесіне жаратылатынын айтты.
Қазір Қазақфильм біріншіден, басқа да жеке киностудиялар серіктеседі. Бірнеше фильм прокатта. Мұндай фильмдердің саны арта береді. Әлбетте, басқа да үлкен кинокомпаниялармен, атап айтқанда, Мосфильммен, америкалық кинокомпаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ең біріншіден, біліктілікті арттыру, трениң өткізу мақсаттары көзделеді. Бұл бағыттардың бәрі өз тиімділігін көрсетеді. Кейінгі 7 жылда Қазақфильм бірінші рет қаржы жағынан оң динамикаға шықты. Демек, Қазақфильм ақша таба бастады. Ол дұрыс менеджменттің арқасы. Қазақфильмде қазақ тілді мамандар ғана жұмыс істеуі керек деген сөзбен келіспеймін. Кез келген ұйымды жақсы менеджер басқарып, жүйелі түрде дамытуы керек. Қазір сол жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Аида Балаева.
Министр “дүрбелеңге салып жүрген бірнеше адам кезінде сол «Қазақфильмде» жұмыс істеген. Бірақ «Қазақфильмнің» оңтайлы дамуына әсер ететіндей жұмыс істемеген. Қазір олар жоқ жерден дау жасап жүр. Мен Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін «Қазақфильмнің» менеджментін өз бақылауыма алып, жұмысына күнделікті назар аударып отырамын. Соның нәтижесінде бүгін біз ол мекеменің қаржылық көрсеткішін оң нәтижеге жеткіздік” деді.
ҚАЗАҚФИЛЬМДЕГІ ШУ
"Алматы әкімшілігі, "Қазақфильмнен" тарт қолыңды!". Былтыр дәл осындай ұранмен отандық киногерлер президентке үндеу жолдаған еді. Бұл туралы белгілі танымал қазақстандық кинорежиссер, әнші, композитор, өнертанушы Ерлан Төлеутай Facebook-тегі парақшасында жариялады..
“Біз тағы майданға шықтық. Біздің бұл майданымыз ұзақ жылға созылған қазақ – қалмақ соғысына ұқсайды. Жиырма жылға созылған бұл соғыста "қалмақтар" (Назарбаевтар) жыл сайын шабуыл жасайды, "қазақтар" (киногер қауым) үнемі жанқиярлықпен қорғанамыз. Біздің қамал-қорғанымыз – "Қазақфильм" киностудиясы. Қорғана жүріп, тұтқиыл, шабуылдарға шығу арқылы біз мұздай қаруланған (әкімшілік, қаржылық, күштік құрылым ресурстарымен қаруланған) "қалмақ қолын" әлденеше рет қирата жеңдік”, деді Е.Төлеутай әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ өнертанушы осы жылдар ішінде көп әскері (коллективіміз) шығынға ұшырағанын да жазады.