Ақтаудың 11-шағынауданының тұрғындары жаңадан салынған спорт алаңы мен футбол алаңының салынғанына көп уақыт өтпей жарамсыз күйге түскеніне наразы. Олардың айтуынша, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания сапаға мән бермей, қаржыны үнемдеуге тырысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ТӨРТ АЙ ӨТПЕЙ ЖАТЫП БҮЛІНДІ”
Lada.kz мәліметінше, тұрғындар №31 үйдің артында орналасқан спорт алаңы мен футбол алаңы небәрі төрт ай бұрын ғана орнатылғанын айтады. Алайда қазірдің өзінде жөндеуді қажет етіп отыр. Алаңдағы резеңке жабынды құмның үстіне төселген, бұл оның жылдам тозуына себеп болған.
— Қаражатты дұрыс игермесе, осылай болады! Бір рет сапалы жасап қойса, жылдар бойы қызмет етер еді. Ал қазір бюджет қаражаты далаға кетті. Төрт айлық кепілдік деген не масқара?! — дейді ашынған тұрғындар.
Фото: lada.kz
Дәл осындай жағдай сол аумақта орнатылған футбол алаңында да байқалады.
БИЛІК НЕ ДЕЙДІ
Осы мәселеге байланысты Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміні пікір білдірген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, спорт жабындысын орнатқан бұрынғы мердігер мекеме қайтадан жұмыс жүргізуге шақыртылған.
— Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бордюр тастары алынып, жаңа бетон құйылып жатыр, — деп мәлімдеді ТКШ бөлімінен.
Спорт алаңында расында жөндеу жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта спорттық кешенге кіру уақытша шектелген.