Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚҰТТЫҚТАУ
Бірлік күнін Тоқаев құттықтауында мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам деп атады.
Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді. Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді. Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын! – делінген құттықтауда.
БІРЛІК КҮНІ
Қазақстан халқының бірлігі күні жыл сайын 1 мамырда атап өтіледі. Бұл мереке 1996 жылдан бастап ресми түрде тойлана бастады. 1995 жылдың 18 қазанында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде жарияланды. Мерекенің басты мақсаты – елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау. 1 мамыр күні еліміздің барлық өңірлерінде түрлі мәдени іс-шаралар, концерттер, көрмелер, спорттық жарыстар мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өткізіледі.