30 сәуірде Америка Құрама Штаттары мен Украина сирек жер элементтерін өндіру және елді қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық қорды іске қосу туралы стратегиялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құжатты – тарихи келісім деп аталды. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, қол қою мүмкіндігі «президент Трамптың тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесінде» пайда болды, ал бұл құжат терең экономикалық серіктестіктің негізін құрып, қалпына келтіру қорын іске қосуға жол ашады.
Украина вице-премьері Юлия Свириденконың түсіндірмесіне сәйкес, инвестициялық қор АҚШ пен Украина арасында тең құқықты негізде — 50/50 құрылатын болады, ал бірде-бір тарап басым дауысқа ие болуға құқылы болмайды.
Келісімнің негізгі шарттары:
Украина өзінің жер қойнауына толық егемендік сақтайды — мемлекет қандай пайдалы қазбаларды және қай жерде өндіретінін өзі анықтайды.
Жер қойнауы Украина меншігінде қалады.
Құжат «Укрнафта» және «Энергоатом» сияқты маңызды активтердің шетелдік серіктестерге басқаруға берілуін қарастырмайды.
Келісімде Украина мен АҚШ арасындағы қарыздық міндеттемелер жоқ.
Құжат елдің евроинтеграциялық бағытын өзгертуге немесе жекешелендіру процестеріне әсер етпейді.
Келісімнің мақсаты тек АҚШ-тың маңызды минералды ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету емес, сонымен қатар жаһандық капитал тарту және заманауи технологияларды енгізу арқылы Украина экономикасын қалпына келтіруге серпін беру болып отыр.