×
516.16
584.86
6.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.16
584.86
6.25

"Делайте": куәгер Абдықадырдың төбелес алдында айтқан сөзін Қаржаубай да растады

Бүгін, 15:45
"Делайте": куәгер Абдықадырдың төбелес алдында айтқан сөзін Қаржаубай да растады
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгінгі сотта іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен іске куәгер ретінде қатысып жатқан Самат Абдықадыр арасында тергеуде болған беттестіру кезіндегі видео көрсетілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ДЕЛАЙТЕ”

Видеода Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні жанжалға қатысушыларға Самат Абдықадыр нұсқау жасап, «делайте» деп айтқанын жеткізді.

- Дүкеннің алдында төбелес болмастан бұрын Нұрбол, Дархан дегендер жігіттерін шақыра бастады ғой. Сол кезде дүкеннің алдына Accent және кабан (мерседес) көлігі келіп тоқтады. Бұл жігіт (Самат) түсті. Оның жанында тағы екі жігіт болды. Екі көлік тоқтап, Самат кабандағы жігіттердің бәрімен амандасты. Нұрбол, Дархан, Нұрқиястармен амандасты. Нұрқанатпен де амандасып, екеуі сөйлесіп тұрып қалды. «Бір жерден көрдім ғой» деген сияқты әңгіме болды. Мен дүкеннің алдында тұрдым. Нұрқанатқа «мен төбелеспеймін ғой, мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер сөйлеседі» деген сөз аузынан шықты. Нұрқанаттан «бәрі дұрыс па?» деп сұрап едім, ол маған «дұрыс, танимын ғой» деді. Сосын мынау (Самат) «делайте» деді. Осы жігіттің аузынан осы сөз шықты, дейді Қаржаубай Нұрымов видеода. 

Қаржаубайдың сөзінше, Самат “делайте” деп қасындағы жігіттерге айтқан. Бірақ Самат Абдықадыр оны жоққа шығарады. 

- Жауаптарымен келіспеймін. Нұрқанатпен сөйлескеннен кейін біз дүкенге кіріп кеттік. Дидар екі сыраны алып келіп еді, сатушы болмады. Сатушы кім деп едік осы кісі (Қаржаубай) кірді. Мен ақшамды алып, төлейін деп едім, сыртта “гүрс” еткен дауы естілді. Сол кезде аға (Қаржаубай) бізді “шығыңдар” деп дүкеннен қуып шықты. Сосын біз көлікке отырып, кетіп қалдық. “Делайте” деп айтқан жоқпын. Себебі ол адамдарды танымаймын. Кабанмен келген жігіттермен де амандасқан жоқпын, ешқайсын танымаймын да, дейді куәгер Самат. 

БҰҒАН ДЕЙІН САМАТ АБДЫҚАДЫР НЕ ДЕГЕН ЕДІ

Куәгер Самат Абдықадыр 28 сәуірде өткен сот процесіне келіп, сұрақтарға жауап берген болатын. Оның сөзінше, сотталушы Дидар Қалиахметов оның бауыры. 

- Сол күні мен, бауырым Дидар Қалиахмет және досымыз Дәулет моншадан шықтық. Моншадан шығып бірден дүкенге кірдік. Бір топ бала тұрды. Жарық түсетін прожектор бізге қарап тұрды, сондықтан ондағы адамдарды байқамадық. Дидар, сосын Дәулет өтіп кетті, артынан біреу келіп амандасты. Марқұм болған Нұрқанат Ғайыпбаев “ерегеске келдіңдер ме?” деп сұрады. Мен “жоқ, не істейміз оны, біз шалмыз ғой, көлікке келдім” дедім. Нұрқанатты сол күні бірінші рет көрдім. Артынан дүкенге кіріп кеттік, сатушы болмады. Дидар сатушыны шақырып еді, Қаржаубай аға кірді. Біз сыра алайын деп жатқанбыз. Ақшаны шығарып, төлейтін кезде сырта апыр-топыр дауыс естіліп кетті. Қаржаубай аға “сатпаймын жігіттер” деді. Сыртқа шығып, бірден көлікке отырдым. Біздің көлігімізді арттан Мерседес жауып тастаған екен. Көлікті алып, шығып кеттік, дейді куәгер. 

Куәгер оқиға орнында төбелес болып жатыр деп ойламағанын айтты.

ЧИКА ДЕГЕН КІМ

29 сәуірде Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыған болатын. Жауапта Чика атты жігіт дүкеннің алдында қалған жігіттерге “делайте” деп “пәрмен” бергені айтылды. Ал адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, “Чика” сотта тек куәгер ретінде жауап берген. 

Шерзат Полат ісі бойынша тікелей эфирді Ұлыстың Youtube-арнасынан көре аласыздар.

Автор: Есдәулет Қызырбек

Серіктес жаңалықтары