Шерзат Полат ісінде сотталушылардың қорғаушылары прокурор Дана Сәрсенбайды істен шеттетуді сұрап, сотқа өтінішхат түсірді. Олар жауап алу барысында прокурор айыпталушыға қысым жасады деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
– Өздеріңіз көріп отырсыздар, прокурор сұрақты бұрмалап қойып отыр. Прокурор айыпталушыға қысым жасап отыр, – деді Дархан Әскентайдың адвокаты Ержанов.
Өзге сотталушылардың қорғаушылары да бұл өтінішхатты қолдады. Олар прокурордың істі бейтарап қарайтынына күмән келтіріп, оған сенімсіздік білдіретіндерін айтты.
ПРОКУРОР НЕ ДЕЙДІ
Прокурор сотталушылар адвокаттардың пікірімен келіспеді. Ол өтінішхат негізсіз деп атады. Жәбірленуші өкілдері соттан айыпталушы тарап қорғаушыларының өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне үзіліске шықты.
Бүгінгі процесте сотталушылардан жауап алу басталды. Дархан Әскентай жауап беріп жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
6 мамырдағы сот отырысы іс бойынша куә деп танылған Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжаннан жауап алудан басталған болатын. Ол оқиға болған күні марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алған.
КУӘГЕРЛЕР
Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты.
Автор: Есдәулет Қызырбек
Шерзат Полат ісі бойынша тікелей эфирді Ұлыстың Youtube-арнасынан көре аласыздар.