Газада атыс тоқтағаннан кейін палестиналықтар үйлерінің үйіндісіне оралды

Сырым Қаржас
REUTERS/Mahmoud Issa

Газа секторындағы мыңдаған тұрғын атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен кейін үйлерінің қирандыларына қарай бет алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Reuters агенттігінің мәліметінше, адамдар жаяу жағалау жолымен солтүстікке — анклавтың ең ірі қаласы Газаға қарай қозғалған. Осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы аймақ қақтығыс басталғалы бері Израильдің ең ауқымды шабуылдарының біріне ұшыраған еді.

— Құдайға шүкір, менің үйім әлі тұр, бірақ айналамның бәрі қираған: көршілерімнің үйлері жермен-жексен, тұтас аудандар жермен-жексен болды, – дейді Газа қаласының Шейх-Радван ауданында тұратын 40 жастағы Исмаил Заида.

«ЕНДІ ҚАЙДА БАРАРЫМЫЗДЫ БІЛМЕЙМІЗ»

Сектордың оңтүстігінде тұрғындар шаң басқан, өмірдің нышаны қалмаған дала арқылы жол тапқан. Бұл жерде бір кездері анклавтағы екінші ірі қала – Хан-Юнис орналасқан болатын. Израиль әскері оны биыл тегіс қиратқан.

Оралғандардың көбі үнсіз. Орта жастағы Ахмед әл-Брим велосипедке байлап алған күйінде өртеніп кеткен үйлердің сынықтарын сүйретіп келе жатты.

— Біз өз ауданымызға қайттық — ол енді жоқ. Енді қайда барарымызды білмейміз. Біз жиһаз да, киім де, ештеңе де ала алмадық. Қыстық заттар да қалмады. Ештеңе жоқ, – деді ол.

Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, израильдік әскерлер шегінген соң, құтқарушылар әртүрлі аудандағы қирандылар астынан 100 адамның мәйітін алып шыққан.

Еске салайық, кеше Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы келісімге келген еді. Тараптар бұл келісімге АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт жоспарындағы бірінші кезең аясында қол жеткізген.