×
503.9
603.32
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.9
603.32
6.61

Еуропа Иранға жаңа санкциялар салды

Бүгін, 22:40
Еуропа Иранға жаңа санкциялар салды
Ашық дереккөзден

Еуропалық Одақ Ирандағы жаппай репрессиялар мен Тегеранның Украинадағы соғысқа қолдау көрсетуіне жауап ретінде жаңа санкциялар енгізді. 29 қаңтар, бейсенбі күні Брюссельде өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуінде шамамен 30 жеке тұлға мен ұйымға қатысты шектеу шаралары қабылданды. Олардың есімдері жақын күндері Еуропалық Одақтың ресми журналында жарияланбақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕПРЕССИЯ ЖӘНЕ ҚҰРБАНДАР

Санкциялардың күшеюіне себеп болған – Ирандағы жаппай наразылықтарды күшпен басу. Құқық қорғаушылардың дерегінше, соңғы толқулар кезінде бірнеше мың адам қаза тапқан. Ал Еуропалық Одақ министрлері 29 қаңтарда одан да ауыр статистика келтірді – 30 мыңға дейін құрбан болуы мүмкін деген болжам жасалды. Сонымен қатар ондаған мың ирандықтың ұсталғаны хабарланды. Қанды оқиғалардың ауқымын жасыру үшін Тегеран интернет пен телефон байланысын қатаң шектеді.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ МАЗМҰНЫ

Жаңа шаралар Еуропалық Одақ аумағында санкциялық тізімге енгізілген тұлғалардың активтерін бұғаттауды, Еуропалық Одақ азаматтары мен компанияларына оларды қаржыландыруға тыйым салуды, сондай-ақ аталған адамдарға Еуропалық Одақ елдеріне кіруге шектеу қоюды қамтиды. Бұған қоса, Иранға экспортталуы тыйым салынған тауарлар тізімі кеңейтілді.

Кездесудің басты оқиғасы – Францияның ұстанымын өзгертуі. Бұл Еуропалық Одаққа Корпус стражей исламской революции (КСИР) ұйымын террористік ұйымдар қатарына қосуға мүмкіндік берді. Осылайша КСИР «Аль-Каида», ХАМАС және «Ислам мемлекеті» ұйымдарымен бір қатарға қойылды.

«Өз азаматтарын мыңдап қырып жатқан кез келген режим өз құлдырауын дайындап жатыр», – деп мәлімдеді Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль КСИР мен оның қосымша құрылымдарын «иран режимінің жендеттері» деп атады.

«Олар өз халқының даусын басу үшін шексіз қатыгездікпен әрекет етіп, көшеге шыққан азаматтарын жазалауда», – деді ол.

СИМВОЛДЫҚ ҚАДАМ

dpa агенттігінің хабарлауынша, КСИР-ді террористік ұйымдар тізіміне енгізу – маңызды символдық шешім. Дегенмен оның практикалық әсері шектеулі, себебі Иранның элиталық бөлімшелері ядролық бағдарламаға байланысты Еуропалық Одақ санкцияларына он жылдан астам уақыт бойы ілінген.

Франция бұл шешімді ұзақ уақыт бойы бөгеп келген. Сарапшылар мұны Иранда тыңшылық айыбымен сотталған екі француз азаматы – Сесиль Колер мен Жак Паридің тағдырымен байланыстырды. Қазір олар түрмеден босатылғанымен, елден шығуға рұқсат күтіп, Франция елшілігінде отыр.

АҚШ ПОЗИЦИЯСЫ

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сенаттағы тыңдауларда Иран билігінің әлсірегенін айтты. Оның сөзінше, режим экономикалық күйреуге тап болып, халықтың басты мәселесі – кедейлікті шешуге қауқарсыз. Рубио Иранда жаңа наразылықтар қайта басталады деп болжайды.

Тегеран дәстүрлі түрде ішкі дағдарысқа халықаралық санкцияларды кінәлайды. Алайда сарапшылар елдегі басты проблемалар – жемқорлық пен тиімсіз басқару екенін атап өтеді. Шектеулерді алып тастау үшін Иран саяси бағытын түбегейлі өзгертуі тиіс, бірақ әзірге ондай белгілер байқалмайды.

Серіктес жаңалықтары