×
474.9
555.3
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.9
555.3
6.24

Астанада автотұрақтарға жаңа тариф бекітілді

Бүгін, 10:43
Астанада автотұрақтарға жаңа тариф бекітілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласы мәслихатының шешімімен жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңа ережелері бекітілді. Құжатта қандай мәселелер қамтылған? Автотұрақтардың бағасы өзгере ме? Бұл сұрақтарға Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

ЭЛЕКТР САМОКАТТАРЫН КЕЗ КЕЛГЕН ЖЕРГЕ ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

Жаңа ережеге сәйкес, елорда аумағында әкімдік белгілеген орындардан тыс жерлерге 3,5 тоннадан асатын жүк көлігін қоюға тыйым салынады. Бұл тізімде электр самокаттар, электр велосипедтер және өзге де шағын электрлі көлік құралдары бар.

Ақылы коммуналдық автотұрақтар көшелік және жабық болып бөлінеді. Көшелік тұрақтар жол шетінде және тұрақты қоршаулары жоқ жеке жер телімдерінде орналасады. Ал жабық тұрақтарғимарат ішінде болады.

Барлық ақылы тұрақтар міндетті түрде жол белгілерімен және таңбалармен белгіленуі тиіс. Онда тарифтер, төлем тәсілдері және тұрақтарды басқару орталығының байланыс деректері туралы ақпарат орналастырылуы қажет.

ТАРИФТЕР ӨЗГЕРДІ МЕ?

2026 жылғы 12 шілдеден бастап көшелік ақылы автотұрақтарды пайдалану ақысы сағат сайын алынады және тарифтік аймаққа байланысты белгіленеді:

  • 1-аймақ – сағатына 200 теңге (тұраққа сұранысы ең жоғары аумақтар);
  • 2-аймақ – сағатына 150 теңге (орташа жүктеме деңгейі);
  • 3-аймақ – сағатына 100 теңге (сұранысы төмен аймақтар).

Ал жабық автотұрақтар үшін баға жеке тәртіппен белгіленеді.

Көлікті ұзақ уақытқа орналастырған жағдайда тәуліктік және абонементтік төлем түрлеріне рұқсат етіледі. Көшелік автотұрақтарды бір тұрғын немесе коммерциялық нысанға бір көлік үшін тегін пайдалану мүмкіндігі бар. Ол үшін Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының цифрлық платформасы арқылы тиісті өтініш беру қажет.

Ардагерлер, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар, электромобиль иелері, сондай-ақ арнайы және жедел қызметтердің көліктері бұл төлемнен босатылады.

Төлемді бақылау автоматтандырылған мобильді кешендер мен стационарлық фото және бейнефиксация жүйелері арқылы жүзеге асырылады.

ШЛАГБАУМДАР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕУІ КЕРЕК

Шлагбаумдар, қоршаулар және өзге де реттеуші элементтерді орнатуға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік ағындарын реттеу және аумақтарға рұқсатсыз кірудің алдын алу мақсатында рұқсат етіледі.

Оларды барлық меншік нысанындағы объектілерде орнатуға болады. Бірақ уәкілетті органдармен және Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығымен келісу арқылы жүзеге асырылады.

Келісім алу үшін берілген өтінімдер бес жұмыс күніне дейін қаралады. Барлық құрылғылар төтенше және коммуналдық қызметтердің тәулік бойы кедергісіз кіруін қамтамасыз етуі тиіс. Соның ішінде қашықтан немесе автоматты түрде басқару мүмкіндігі қарастырылуы қажет.

Ережелерде сондай-ақ ұсталған көлік құралдарын арнайы тұрақтарға эвакуациялау, сақтау және қайтару тәртібі де реттелген.

Серіктес жаңалықтары