Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктердегі қаржылық заңбұзушылықтар туралы мәліметтерді құпиялауға шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәжілістегі брифингте Ulysmedia.kz тілшісі ҚНРА төрайымы Мадина Әбілқасымовадан санкциялық шектеулерді айналып өтіп, 7 трлн теңге аударылған банкке қатысты тергеудің қай кезеңде екенін сұрады.
– Біз Қазақстандағы барлық ірі екінші деңгейлі банктерге қатысты инспекциялық тексеру жүргіздік. Кейбір тексерулер аяқталды, ал басқалары әлі жалғасып жатыр, – деді Абылкасымова.
Оның айтуынша, тексеру белгілі бір заңбұзушылықтардың бар екенін растағанымен, нақты қай банктер Қазақстан заңнамасын және халықаралық санкцияларды айналып өткені туралы ақпарат жарияланбайды.
– Тексеру нәтижелері белгілі бір бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Алайда реттеуші талаптарға сәйкес, тексеру қорытындылары мен банктердің атаулары жария етуге жатпайды. Осы нәтижелер негізінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға арналған қадағалау жоспары әзірленеді, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
ҚНРА басшысы тексеруден өткен барлық қаржы институттарында әртүрлі деңгейдегі заңбұзушылықтар анықталғанын мойындады.
– Инспекциялық тексерулер барысында біз әрдайым қандай да бір бұзушылықтарды анықтаймыз. Олардың деңгейі мен саны банктер арасында әртүрлі болуы мүмкін, бірақ, өкінішке қарай, бұдан артық ақпарат бере алмаймыз, – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 28 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы қазақстандық банктердің бірі көршілес елден алынған 7 трлн теңгеден астам қаражатты (шамамен 14 млрд доллар) шетелге аударғанын мәлімдеген еді.
Мемлекет басшысы мұны «шектен шыққан жағдай» деп атап, реттеушілерге заңсыз қаржылық операцияларға бақылауды күшейтуді тапсырды. Алайда сол күні Ақорда бұл мәлімдемені ресми ресурстарынан алып тастаған, бұл түрлі болжамдардың күшеюіне себеп болды.
Кейін бұл жағдайға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов пікір білдіріп, алдын ала тексеру нәтижелері заңбұзушылықтарды анықтамағанын айтқан. Көп ұзамай ол «өз еркімен» қызметінен кетті.
Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл мәселеге өте сақ пікір білдіріп, нақты қай банк туралы сөз болғанын растамады.