Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ келісімінен шығатынын мәлімдеді. Әлемдік мұнай нарығында қызу талқыланып жатқан бұл шешім Қазақстанға қалай әсер етеді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл мәселені сарапшымен талқылады.
Біріккен Араб Әмірліктері Энергетика министрі Сухаил Мохамед әл-Мазруи Reuters агенттігіне берген сұхбатында елдің ОПЕК құрамынан шығу туралы шешімі энергетикалық стратегияларды жан-жақты талдаудан кейін қабылданғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе бойынша Сауд Арабиясы секілді ОПЕК-тегі негізгі серіктестермен кеңес жүргізілмеген.
- «Бұл – саяси шешім. Ол қазіргі және болашақтағы өндіріс деңгейіне қатысты саясатты мұқият сараптаудан кейін қабылданды», – деді әл-Мазруи.
Оның сөзінше, бұл қадам әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс.
Сонымен қатар, Парсы шығанағындағы мұнай-газ өндіруші елдер қазірдің өзінде Ормуз бұғазы арқылы экспорттауда қиындықтарға тап болып отыр. Мәселен, Ормуз бұғазы арқылы тасымал қиындаған жағдайда, ел өндірген мұнайын толық көлемде сыртқа шығара алмай отыр. Қазір БАӘ негізінен Фуджейра портына баратын құбыр арқылы шамамен 1,8 млн баррель ғана экспорттай алады.
Кей сарапшылардың айтуынша, егер БАӘ шынымен келісімнен шықса, бұл мұнай бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұндай сценарий әсіресе АҚШ үшін тиімді, себебі жоғары мұнай бағасы ішкі нарықтағы жанармай құнын арттырады.
Сонымен қатар, бұл қадам ОПЕК+ құрылымының тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Егер басқа елдер де квоталарды сақтаудан бас тартса, ұйымның ыдырау қаупі артады. Нәтижесінде, нарықта мұнай артық өндіріліп, баға күрт төмендеуі ықтимал.
Айта кетейік, ОПЕК 1960 жылы Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы және Венесуэла елдерінің бірігуі арқылы құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – мұнай өндірісін үйлестіріп, мүше елдер үшін тұрақты табыс қамтамасыз ету.
Кейін ұйым құрамына Алжир, Экваторлық Гвинея, Габон, Ливия, Нигерия және Конго Республикасы қосылған.
БАӘ ОПЕК-ке 1967 жылы кірген болатын. Егер ел ұйымнан шықса, картель құрамында 11 мемлекет қалады.
Экономист Талғат Демесінов БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.
- «Дональд Трамп бұған дейін мұнай бағасын 40 долларға дейін төмендетуге уәде берген. Егер жыл соңына қарай форс-мажорлық жағдайлар орын алып, Ресей мен Украина арасындағы соғыс уақытша немесе толық тоқтап, Ресейдің талаптары ескерілсе және оған салынған санкциялар ішінара алынса, бұл әлемдік мұнай нарығына ықпал етуі мүмкін. Мұндай жағдайда нарықтағы мұнай көлемі артып, ұсыныс көбейеді. Алайда бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру және реттеу қиындай түсуі ықтимал. Өйткені бұрын БАӘ мұнай бағасын реттеумен айналысатын», - деді сарапшы.
Талғат Демесінов бұл жағдайға геосаяси тұрғыдан қарайды. Оның пікірінше, БАӘ-нің мұндай қадамға баруына аймақтағы қауіпсіздік мәселелері де әсер еткен.
- «БАӘ Иран тарапынан болатын қауіпке толық төтеп бере алмады. Батыс елдері де олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмады. Әсіресе, Иран айналасындағы әскери шиеленіс, елдердің өз бетінше шешім қабылдауына итермелеп отыр. Оған қоса, Ормуз бұғазындағы жағдай үлкен шығындарға әкелді. Бұл мұнай экспорттайтын елдер үшін өте маңызды фактор», - деді ол.
Экономист сондай-ақ, ОПЕК ішіндегі келіспеушіліктер де рөл ойнауы мүмкін екенін айтады. Сауд Арабиясы мен БАӘ арасында саяси және экономикалық көзқарас айырмашылықтары болуы ықтимал.
- «Біріккен Араб Әмірліктері инвестициялық саясат тұрғысынан либералды бағыт ұстанады. Оның құқықтық жүйесі белгілі бір деңгейде Ұлыбритания тәжірибесіне ұқсас. Талаптары салыстырмалы түрде жеңіл: капиталдың шығу тегі мен табыс табу жолдарына қатаң бақылау әрдайым жүргізіле бермейді. Сондықтан Батыс мемлекеттері белсенді түрде елге инвестиция салып келеді. Осылайша көбінесе батыс технологияларына, заңдарына бағынады, стандарттары, бәрі батыс өркениетіне жақын. Оларды үлгі тұтады. Ал бұл Сауд Арабиясына ұнамауы мүмкін», - дейді Талғат Демесінов.
Бірақ сарапшының сөзінше, егер Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК құрамына қайта оралғысы келсе, өз ұсыныстары мен шарттарын ұсынып, ұйымға қайта кіруі аса қиындық тудырмайды.
Экономист Қазақстан үшін негізгі тәуекел – экспорт бағыттарының шектеулігі екенін атап өтті.
- «Қазақстан әлемдік мұхит нарығынан алыс орналасқан. Біз үшін тасымал шығыны жоғары, ал негізгі бағыттар көбіне Ресей арқылы өтеді. Алайда бұл бағыттың сенімділігі төмендеп барады. Транзиттік маршруттарды толық сенімді деп айту қиын. Сондықтан балама бағыттарды дамыту қажет», - дейді Демесінов.
Сарапшы Қазақстанға жаңа нарықтарды іздеу қажет екенін атап өтті. Оның ішінде Азия бағыттары, тіпті Моңғолия сияқты нарықтар да қарастырылуы мүмкін.
- «Бұрынғы Кеңес Одағы кезеңінен қалған «Дружба» мұнай құбыры жабылады. Бұрын осы бағытпен жылына шамамен 2,5–3 млн тонна мұнай Германия нарығына жеткізілетін. Сонымен қатар, қолданыстағы төрт терминалдың үшеуі істен шыққан. Бірақ балама бағыттар бар. Мысалы, Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры арқылы мұнай тасымалдауға мүмкіндік бар. Моңғолия еліне де сату керек», - дейді экономист.
Балама бағыттар ретінде сарапшы Каспий бағытын дамытуды ұсынады. Атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумы қуатын арттыру қажеттігін айтады. Сондай-ақ Қытай нарығына тікелей шығу да маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.
Алайда мұнда да қиындықтар бар. Сарапшының айтуынша, Қытай ресейлік мұнайды арзан бағамен сатып алып отыр. Яғни, Ресей мұнайының арзандауы да Қазақстан үшін қосымша бәсекелестік тудырып отыр.
- «Қазір мұнай бағасы 80 доллар шамасында. Ал Ресей мұнайын 35–40 долларға Қытайға сатып жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін Қытайға мұнайын жоғары бағамен өткізу қиын», - дейді экономист.
Сондай-ақ, Талғат Демесінов Еуразиялық экономикалық саясат аясында да Қазақстан өз мүддесін белсендірек қорғауы керек деп санайды.