×
462.91
542.16
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.91
542.16
6.16

Қашаған үшін тартыс: даудың төрелігін неге Вашингтон айтады?

Бүгін, 10:33
Қашаған үшін тартыс: даудың төрелігін неге Вашингтон айтады?
коллаж Ulysmedia

Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі NCOC консорциумы кезекті сотта жеңілді. Енді билік шетелдік компаниялардан 5 миллиард доллар өндіруге құқылы. Алайда бұл – «Қашаған үшін күрестің» тек бір бөлігі ғана. Тартыс қазір Қазақстан аумағымен шектелмей, халықаралық арбитраж деңгейінде де жалғасып жатыр.

Даудың мәні неде және оның шешімі неге Вашингтонда қабылданбақ? Ulysmedia.kz тілшісі сарапшылармен бірге зерттеп көрді.

ДАУДЫҢ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?

Қазақстан билігі мен NCOC инвесторлары 2,35 трлн теңге көлеміндегі айыппұлға байланысты соттасып жатыр. Бұл айыппұл консорциумға экологиялық талаптарды өрескел бұзғаны үшін салынған.

Белгіленген 730 мың тонна лимиттің орнына NCOC ашық алаңдарда 1,7 млн тоннадан астам күкірт сақтаған. Қазақстан заңнамасы бойынша бұл айыппұлдың заңдылығы соттар арқылы әлдеқашан расталған. Ел ішіндегі барлық сот процестерінде билік жеңіске жетті.

Алайда енді даудың негізгі бөлігі Қазақстаннан тыс жерге – Вашингтонға ауысады. Дәл осы қалада инвестициялық дауларды қарайтын  ICSID халықаралық орталығы орналасқан.

АҚШ-тағы процестің нәтижесі арбитраж Қазақстан билігінің әрекетін заңды деп тану-танымасына байланысты болады. Сонымен қатар, Женевада да билік пен NCOC арасындағы келісімшарттық келіспеушіліктерге байланысты 166 млрд долларлық тағы бір халықаралық арбитраж жүріп жатыр.

Қашағанға қатысты бұл дау өте ауқымды, тараптардың әрқайсысы өз ұстанымын дұрыс деп санайды. Ал Вашингтондағы арбитраж әлі басталған жоқ. Әзірге тек трибунал жасақталып жатыр. Сондықтан кім жеңеді деп айту ерте, нақты болжам жасау да мүмкін емес.

КҮКІРТТІ ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАН

NCOC-қа 2,35 трлн теңге айыппұл артық көлемдегі күкіртті сақтағаны үшін салынған. Бұл сома өте үлкен болып көрінуі мүмкін. Бірақ заң талаптарын ескерсек, бәрі түсінікті бола түседі.

Қолданыстағы заңнамада өндірістік қалдықтарды белгіленген лимиттен тыс шығарғаны үшін жауапкершілік күшейтілген. 

– Күкірт сақтау лимиті – әр кәсіпорынға жыл сайын берілетін экологиялық рұқсатта көрсетілетін норма. Ол жобалық құжаттар мен қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) негізінде есептеледі. Формула күкірттің қосымша өнім ретінде түзілу көлемін және оны сақтайтын алаңдардың техникалық мүмкіндігін ескереді,– дейді сарапшы Артур Шахназарян.

Заң бойынша күкірт ашық жерде белгілі бір уақыттан ұзақ сақталса, қалдық ретінде есептеледі. Бұл мерзім қысқа, сондықтан компаниялар оны жинамай, қайта өңдеуге немесе сатуға міндетті.

Даудың басты мәселелерінің бірі – күкірт ангидриді (күкіртті газ). Бұл – негізінен күкірт жанғанда бөлінетін өте улы зат. Ол адамға да, табиғатқа да қауіпті. Бірақ күкірттің өзі оны көп мөлшерде бөлмейді.

Арбитраж материалдарында күкірттің факелдерде жағылғаны айтылғанымен, бұл үшін салынған айыппұл жалпы соманың небәрі 0,06%-ын ғана құрайды.

Негізгі қауіп – ашық сақталған күкірттің өртену ықтималдығы. Егер өрт болса, экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Себебі 1 тонна күкірт жанғанда екі есе көп улы газ бөлінеді.

Тағы бір қауіп – химиялық реакциялар. Ылғал мен бактериялардың әсерінен күкірт баяу тотығып, күкірт қышқылы мен газдар бөледі.

Қазақстан тарапы экологиялық зиянды есептеу кезінде күрделі әдістемелер қолданады. Айыппұл есептелгенде күкірттің жануы емес, оның заң бойынша «қалдық» ретінде танылуы негізге алынған.

Яғни, 1,7 млн тонна күкіртті орналастырғаны үшін инвесторлар эмиссия үшін төленетін әдеттегі төлемнен 100 есе артық айыппұл төлеуге тиіс болған. Осындай үлкен соманың шығу себебі де осы.

Ең үлкен қауіп – газ емес, күкірт шаңы. Жел оны бірнеше шақырымға таратады. Ұсақ бөлшектер Каспий теңізіне түсіп, суды қышқылдандырады, топыраққа түсіп, өсімдіктерді жояды.

Ұзақ мерзімде бұл өрттен де, тотығудан да қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан экология органдарының қатаң ұстанымы түсінікті.

Қазақстан заңнамасы бойынша айыппұлдың заңдылығы дәлелденген. Енді басты мәселе – NCOC халықаралық деңгейде жауапкершілік көлемін қайта қарата ала ма, жоқ па?

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚАЛАУЫ НЕ?

NCOC өз әрекеттерін берілген рұқсаттар шеңберінде жасадық деп мәлімдейді. Алайда бұл заңбұзушылықтардың болмағанын білдірмейді және Экологиялық кодексті сақтау міндетін алып тастамайды.

– Инвесторлар әдетте өз қорғанысын рұқсат құжаттарына, келісімдерге және қалыптасқан әкімшілік тәжірибеге сүйеніп құрады. Бірақ бұл автоматты түрде NCOC дұрыс деген сөз емес. Қазақстанның Экологиялық кодексі «ластаушы төлейді» және ластанудың алдын алу қағидаттарына негізделген. Сонымен қатар оператор өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын сақтап, мониторинг жүргізіп, барлық экологиялық талаптар мен рұқсат параметрлерін орындауға міндетті,– дейді мұнай-газ саласының сарапшысы, RACE Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаилов.

Мұндай мәселелер әдетте мұнай-газ және мұнай-химия нысандарында бірнеше деңгейде реттеледі: экологиялық заңнама, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары, түрлі рұқсаттар мен жобалық құжаттар. Әр деңгейдің инвесторларға қоятын өз талаптары және бақылау тетіктері бар.

Қазір NCOC билікті Франция және Нидерландпен жасалған инвестицияларды қорғау туралы келісімдерді бұзды деп айыптап отыр. Себебі консорциумға қатысатын Shell Kazakhstan Development B.V., Agip Caspian Sea B.V. және KMG Kashagan B.V. компаниялары Нидерландта тіркелген. Ал TotalEnergies үшін 1998 жылы Франциямен жасалған келісім маңызды.

«КҮКІРТ ЕМЕС, ТАУАР»

Шетелдік инвесторлар олардың алаңдарында жатқан күкірт қалдық емес, тауар болғанын айтады. Олардың пікірінше, бұл – жоба аясында қарастырылған қалыпты сақтау процесі.

Шынында, Қашаған мұнайында 15%-ға дейін күкіртсутек бар, оны міндетті түрде бөліп алу керек. Бірақ бұл қоршаған ортаға әсерін жоққа шығармайды.

– Қазақстанда Экологиялық кодекс «өнімді сақтау» мен «қалдықтарды орналастыруды» нақты ажыратады. Егер күкірт белгілі бір мерзімнен (әдетте 90 күн) артық жатса және сатылмаса, оны қалдық деп тануға болады,– дейді сарапшы Артур Шахназарян.

NCOC күкірт сақтау алаңдарының шамадан тыс толуын мемлекеттік органдардың әрекетімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, билік күкіртті қайта қабаттарға айдау және өңдеу қуаттарын кеңейтуді уақытында мақұлдамаған.

Алайда Қазақстан заңнамасы бойынша бұл – ақталу емес: заңбұзушылық болса, айыппұл салынады.

Бірақ халықаралық арбитраж басқаша шешім шығаруы мүмкін. Себебі консорциум Нидерландта тіркелген, сондықтан іс инвестицияларды қорғау туралы келісімдер аясында қаралады. Яғни, сот айыппұлдың сол келісімдерге қаншалықты сәйкес келетінін бағалайды.

Іс жүзінде инвесторлар халықаралық арбитраж өз пайдасына шешім шығарады деп үміттеніп, тәуекелді барынша арттырып отыр.

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУДЕН ҚАШЫП ОТЫР

Ұқсас істерде соттар кейде шетелдік компаниялардың пайдасына шешім шығарған.

2025 жылы халықаралық арбитраж Қазақстанға NCOC-тан экологиялық айыппұл өндіруге уақытша тыйым салған – іс толық қаралғанға дейін.

Ал 2013 жылы «Теңізшевройл» ісінде Жоғарғы сот компанияның пайдасына шешім шығарған. Сол кезде ТШО 150 млн доллардан (шамамен 24 млрд теңге) астам төлемнен құтылған. Сот келісімшарт тұрақтылығы кейін қабылданған заңдардан жоғары деп таныған.

Бірақ бұл екі жағдайдың айырмашылығы бар. Біріншіден, ТШО ісі салық режиміне қатысты болды. Екіншіден, Қашағандағы дау өнімді бөлу туралы келісімге (СРП) негізделген. Ендеше бұл мүлде бөлек құқықтық жағдайлар.

– NCOC ұстанымы ТШО-ның 13 жыл бұрынғы позициясына ұқсас. Инвесторлар күкірт – өндірістің міндетті жанама өнімі дейді және оны сақтау шығындары жобаның табысынан шегерілуі керек деп санайды. Ал Қазақстан тарапы экологиялық айыппұлдар өтелмеуі тиіс дейді. Егер NCOC кінәлі деп танылса, 5 млрд долларды акционерлер өз қалтасынан төлеуі керек, жобаның ортақ қаражатынан емес,– дейді сарапшы Артур Шахназарян. 

Сондықтан инвесторлар айыппұл төлемеу үшін заңдағы әрбір нақты емес тұсты және кез келген процессуалдық қателікті өз пайдасына қолдануға тырысады.

СОТ КЕМІ 3 ЖЫЛҒА СОЗЫЛУЫ МҮМКІН

Арбитраждық дауларда әрдайым сот процесіне кеткен шығын ұтатын пайдадан асып кету қаупі бар. Бұл қауіп қазір де өзекті.

– Халықаралық мұнай-газ арбитраждары өте қымбатқа түседі, жылдар бойы созылады және тек заңгерлерге кететін шығынды ғана емес, басқарушылық ресурсты, инвестициялық ахуалды және уақытты да алады. Әсіресе сөз бір ғана дауға емес, Қашаған мен басқа да ірі жобаларға қатысты өзара байланысты бірнеше талапқа қатысты болса, бұл одан да күрделене түседі,- дейді  Асқар Исмаилов.

Мұндай процестер әдетте 3 жылдан 7 жылға дейін созылады. Әр жыл – миллиондаған долларлық заңгерлік қызмет ақысын білдіреді. Сонымен қатар арбитрлердің қызметі де қымбат – олар даудың жалпы сомасының шамамен 3%-ын алады.

Соған қарамастан, Қазақстан билігі Қашаған консорциумына қарсы берген 166 млрд долларлық талаппен салыстырғанда, «күкірт ісі» салыстырмалы түрде қарапайым саналады. Сарапшылардың болжамынша, ол 3 жылдан ұзақ қаралмауы мүмкін.

Қазақстан барлық сотта толық жеңіске жеткен күннің өзінде, халықаралық консорциумнан нақты ақша өндіріп алу ұзақ процесс болады. Яғни, заңды жеңіс пен нақты қаражаттың түсуі арасында ұзақ уақыт өтуі мүмкін.


– Қазақстан түбінде ұтылып қалмайды. Даудың сомасы соншалықты үлкен, тіпті ішінара жеңіс немесе тиімді келісімнің өзі шығындарды жаба алады. Бірақ басты қауіп басқа жерде: егер мемлекет әр аралық жеңісті соңғы нәтиже ретінде жариялап, кейін жылдар бойы нақты ақша өндіре алмаса, бұл арбитраждың өзінен де қатты сенімге нұқсан келтіреді,– дейді  Асқар Исмаилов.

Халықаралық дауларда экологиялық мәселе көбіне екінші орынға ысырылып қалады. Арбитраждар көбіне зиянның өзіне емес, құқықтық және процедуралық мәселелерге мән береді.

Сондықтан Қазақстан соттары анықтаған экологиялық заңбұзушылықтың өзі халықаралық құқық ерекшеліктеріне байланысты еленбей қалу қаупі бар.

ШЕТЕЛДЕГІ СОТ КҮРДЕЛІ

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның мүмкіндігі біржақты емес. Ел ішінде барлық сот шешімдері билік пайдасына шықты. Тіпті сәуір айында Жоғарғы сот күкіртті нормадан тыс сақтағаны үшін салынған айыппұлды күшінде қалдырды.

Яғни, заң жүзінде мемлекет инвесторлардан ақша талап етуге толық құқылы.

Бірақ шетелдегі сот процесі әлдеқайда күрделі болады.

– Халықаралық арбитраж басқа логикамен жұмыс істейді. Онда негізгі сұрақ: «мемлекет инвесторлар алдындағы халықаралық міндеттемелерін бұзды ма?» дегенге тіреледі. NCOC дәл осыған сүйеніп отыр – олар күкіртті заңды түрде сақтадық, барлық рұқсаттар болды деп мәлімдейді. Сондықтан Қазақстан үшін бұл жерде автоматты жеңіс болмайды. Бірақ NCOC-та да толық кепілдік жоқ. Арбитраж процедураға, талаптардың шамалылығына, рұқсаттардың болуына, мемлекеттік реттеудің болжамдылығына және кемсітушіліктің болмауына қарайды,– дейді  Асқар Исмаилов.

Қазақстан «күкірт ісінде» жеңіліп қалуы да мүмкін. Бұл ретте Нью-Йорк конвенциясы маңызды рөл атқарады. Ол экологиялық дауды қайта қарамайды, тек арбитраж шешімдерін тану және орындау тәртібін реттейді.

Яғни, Қазақстан соттарының шешімдері күшін жоймайды. Бірақ халықаралық арбитраж мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін бұзды деп тапса, онда өтемақы төлеу, активтерге қысым жасау немесе шетелде шешімді орындау мәселесі туындайды.

Қарапайым айтқанда, екі тарап та белгілі бір деңгейде ұтылуы мүмкін.


– Инвесторлар ішінара жеңіске жеткен жағдайда да ымыраға келу ықтималдығы жоғары. Мысалы, айыппұл сомасын азайту немесе міндеттемелерді қайта құрылымдау арқылы экология талаптары мен инвестициялық тартымдылық арасындағы баланс сақталуы мүмкін,– дейді Артур Шахназарян.

Сарапшылар ең ықтимал сценарий – ашық қақтығыстан тікелей келіссөздерге көшу деп есептейді.

Бұл жерде Қазақстан үшін ең маңыздысы – экологиялық мүддені қорғау мен инвесторлар алдындағы міндеттемелер арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Әйтпесе, ірі компаниялар келтірген зиян үшін жауапкершіліктен жалтара алатын құқықтық прецедент қалыптасуы мүмкін.

 

 

Серіктес жаңалықтары