Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңда мемлекеттің бұрынғы басшыларына берілетін кепілдіктер мен оларды қамтамасыз ету тәртібі де қамтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Жаңа заңға сәйкес, бұрынғы президенттерді қамтамасыз ету толықтай республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Экс-президент мәртебесі қызметтен мәжбүрлі түрде шеттетілмеген барлық бұрынғы мемлекет басшыларына беріледі.
ҚАНДАЙ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР БЕРІЛЕДІ?
Құжат бойынша мемлекет оларға өмір бойғы төлемақы төлейді. Нақтырақ айтқанда, экс-президенттер қазіргі Президент жалақысының 80 пайызы мөлшерінде тұрақты төлем алып отырады. Сондай-ақ, мемлекеттік пәтер мен жеке резиденция беріледі. Жүргізушісі бар қызметтік автокөлік, сондай-ақ ел ішінде әуе көлігімен (ұшақ, тікұшақ) жүруге мүмкіндік те ұсынылады.
ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕДЕЛІ
Заң экс-президенттің ар-намысы мен беделін ерекше қорғайды.
Құжатта «экс-президенттің абыройы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды, мұндай әрекеттер заңмен қудаланады» деп көрсетілген. Сонымен қатар оларға мемлекеттік күзет қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, бұрынғы президенттер елдің маңызды іс-шараларына қатысу құқығын сақтайды. Олар Ұлттық құрылтай отырыстарына, жаңа президенттің инаугурациясына және ресми мерекелік шараларға қатыса алады.
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ
Еске салайық, 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум нәтижесі бойынша Қазақстанда жаңа Конституция қабылданды. Бұдан былай Қазақстанда екі палаталы парламенттің орнына жаңа парламент – Құрылтай құрылады және вице-президент лауазымы пайда болады.
Бұдан бұрын Қазақстанда Құрылтай сайлау қашан өтетіні және вице-президент қашан сайланатыны хабарланған.
Жаңа Конституция қабылдануына байланысты парламент қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізу және жаңа конституциялық заңдарды қабылдау мәселесін талқылауға кірісті. Депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заң жобаларын да жұмысқа қабылдады.