×
467.63
547.69
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.63
547.69
6.36

Ешкім алмаған марапат: Тоқаев Ердоғанға ерекше құрмет көрсетті

Бүгін, 15:04
Ешкім алмаған марапат: Тоқаев Ердоғанға ерекше құрмет көрсетті
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

САЛИҚАЛЫ БАСШЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі салиқалы басшы және саясаткер ретінде ерекше құрметтейтінін атап өтті.

– Өзіңіздің көреген бастамаңызбен қолға алынған тиімді реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты өсіп-өркендеу жолына түсті, зор табысқа жетті, ықпалды және қуатты держава атанды. Біз түрік ағайынға әрдайым тілекшіміз, бауырлас елдің әр жетістігіне қуанамыз. Президент Ердоған – жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидатын табанды түрде қорғап жүрген аса көрнекті қайраткер. Сіздің «Әлем бестен үлкен» атты тұжырымдамаңыз баршаға белгілі. Бұл халықаралық қатынастар жүйесіндегі теңсіздікке қарсы айтылған батыл үндеу екені сөзсіз. Сонымен қатар Режеп мырза түркі және ислам өркениетінің ынтымақтастығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарып келеді. Өзіңізді түркі әлемі мойындаған беделді көшбасшы десек, артық болмайды, – деді Қазақстан президенті.

ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ

 Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның арасында сан ғасырлық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқталды.

– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал, Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді

– Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Президенті.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізді. Президенттер ертең Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.

СУ ЖАҢА МАРАПАТ

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар енгізілгені хабарланған. Сенат мақұлдаған заңға сәйкес, енді ғылым, мәдениет, қайырымдылық және мемлекетшілдік жолында еңбек еткен азаматтарға арнайы жаңа ордендер табысталады.

Атап айтқанда, «Әл-Фараби» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани салада айрықша жетістікке жеткен азаматтарға табысталады. Ал «Қожа Ахмет Ясауи» ордені мемлекетшілдікті нығайтуға, қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық бағыттардың дамуына үлес қосқан отандық әрі шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне беріледі.

Сонымен қатар «Мейірім» ордені қайырымдылықпен, меценаттық және филантропиялық қызметімен танылған азаматтарды марапаттауға арналған.

Серіктес жаңалықтары