×
474.04
555.01
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.04
555.01
6.45

Трамп Иранның «талқандалуын» өз әкімшілігінің ірі жетістігі деп атады

Бүгін, 08:22
Трамп Иранның «талқандалуын» өз әкімшілігінің ірі жетістігі деп атады
фото: salom.com

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында «Иранды әскери жолмен талқандауды» әкімшілігінің 16 айдағы ең ірі жетістіктерінің бірі деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Трамп Вашингтон әкімшілігінің «әсерлі жұмысының» нәтижелерін тізіп отырып, Иранды әскери тұрғыда әлсіретуді ерекше атады.

Ол өз әкімшілігінің «16 айлық табысты кезеңіндегі» жетістіктер қатарында қор нарығының өсуін, АҚШ-қа инвестиция ағынын, еңбек нарығының нығаюын, DEI саясатына енгізілген өзгерістерді, сондай-ақ сыртқы саясат пен әскери қадамдарды да атады.

Иран туралы сөз қозғаған Трамп «Иранды әскери жолмен талқандадық» деп мәлімдеп, артынша «Жалғасы бар» деген емеурін тастады.

Сонымен қатар, ол АҚШ-тың «әлемдегі ең қуатты армияға» ие екенін айтты.

Жазбаның негізгі бөлігі АҚШ-тың қазіргі ахуалы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин айтқан «АҚШ әлсіреп барады» деген пікірге арналды. Трамптың айтуынша, Си Цзиньпин бұл сөзді қазіргі жағдайға емес, бұрынғы президент Байден әкімшілігі кезеңіне қатысты айтқан.

«Екі жыл бұрын біз шынымен әлсіреген ел едік. Бұл мәселеде төраға Симен толық келісемін», — деп жазды Трамп.

Ол сол кезеңдегі қиындықтарды Байден әкімшілігінің көші-қон, салық, сауда, қылмыспен күрес және DEI бағдарламаларына қатысты саясатымен байланыстырды. 

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДЕРЖАВА» АЙНАЛҒАН ЕЛ

Трамптың сөзінше, оның әкімшілігі билікке келгеннен кейін АҚШ-тағы жағдай өзгерген. Ол ел қайтадан «экономикалық державаға» айналғанын және шетел мемлекеттерінің америкалық экономикаға құйған инвестиция көлемі 18 трлн долларға жеткенін айтты.

Сондай-ақ Трамп Қытаймен қарым-қатынастың жақсаратынына үміт білдірді.

«Қазір АҚШ — әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан ел. Қытаймен қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да берік әрі тиімді болады деп сенемін», — деді ол.

Бұдан бөлек, Трамп Си Цзиньпиннің өзін қысқа уақыт ішінде қол жеткізген «көптеген жетістіктерімен» құттықтағанын айтты.

БЕЙЖІҢГЕ САПАР

Еске салайық, АҚШ президенті 13 мамырда Бейжіңге соңғы тоғыз жылдағы алғашқы сапарымен барған.

Әлемдік БАҚ жіті бақылап отырған бұл кездесу тек дипломатиялық протокол емес, Вашингтон мен Бейжің арасындағы жаңа саяси-экономикалық кезеңнің бастамасы ретінде бағаланып отыр.

Сапардың символикалық маңызы оның ұйымдастырылуынан-ақ байқалды. Қытай тарапы америкалық делегацияны жоғары деңгейде қарсы алып, халықаралық баспасөз орталығын алдын ала дайындаған. Бейжіңге АҚШ-тан жүзден астам журналист арнайы барған. Бұл – саммиттің әлемдік медиадағы салмағын көрсететін маңызды белгі. 

ТРАМППЕН БІРГЕ КІМДЕР КЕЛДІ?

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – Трамптың қасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бар. Бұл келіссөздердің тек экономикалық емес, геосаяси сипатқа да ие екенін көрсетеді.Сондай-ақ, Ақ үй басшысы ұлы Эрик және келіні Лара Трампты ерте барған. Бұл жолы президенттің жанында бірінші ханым Мелания Трамп болған жоқ.  

Сапар құрамында америкалық ірі бизнес өкілдері де бар. Олардың қатарында кәсіпкер Илон Маск, Apple компаниясының басшысы Тим Кук және NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуанг бар екені айтылуда. Бұл Бейжіңдегі келіссөздерде технология, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері маңызды орын алатынын көрсетеді.

Достарыңмен бөліс

Серіктес жаңалықтары