Қазақстандық жастар отбасын құруға бұрынғыдай асықпайтын болған. Соңғы жылдары елде некеге тұру жасы өсіп, жастар алдымен білім, мансап пен қаржылық тұрақтылыққа басымдық бере бастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ӘЛСІРЕМЕГЕН
Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2020-2024 жылдар аралығындағы зерттеуі елдегі отбасы институты дәстүрлі ұстанымдарды сақтай отырып, біртіндеп жаңа әлеуметтік модельге бейімделіп жатқанын айқындады.
Зерттеу бойынша, 2020 жылы респонденттердің 92,4%-ы отбасыны өте маңызды құндылық деп бағалаған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 93,5%-ға дейін өскен. Зерттеуге қатысқандар отбасының маңызын көбіне махаббат, бақыт және ұрпақ жалғастыру ұғымдарымен байланыстырған. Сонымен бірге 2022 жылы жүргізілген сауалнамада респонденттердің 95,4%-ы өз отбасылық өміріне көңілі толатынын айтқан. 2024 жылғы мәліметтер де осы үрдістің сақталғанын көрсетеді.
НЕГЕ КЕШ ҮЙЛЕНЕДІ?
Дегенмен отбасыға деген көзқарас өзгермегенімен, некеге тұру жасы біртіндеп ұлғайып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ерлердің алғаш некеге тұрудағы орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдерде 25,3 жасты құраған. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш сәйкесінше 27,1 және 24,6 жас болған. Бұл жастардың отбасын құруға асықпайтынын, алдымен білім, мансап және қаржылық тұрақтылыққа басымдық бере бастағанын аңғартады.
Соған қарамастан, қазақстандықтардың басым бөлігі неке институтын әлі де отбасы құрумен тікелей байланыстырады. 2024 жылғы зерттеуде респонденттердің 58,5%-ы некені отбасы құру мақсатындағы ерлі-зайыптылар одағы деп сипаттаған. Ал 18,7%-ы оны қарым-қатынасты заңдастыруға бағытталған өзара келісім ретінде қабылдайды. Тағы 10,6%-ы неке ортақ тұрмыс пен отбасылық бюджетке негізделеді деп есептейді.
Некеге тұрудың басты себебі ретінде махаббат алдыңғы орында тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 59,9%-ы осы жауапты таңдаған. Бұдан кейін көзқарас пен қызығушылықтың ортақтығы (17%) және бала сүю ниеті (10,7%) көрсетілген. Бұл көрсеткіштер қоғамда эмоционалдық жақындықтың материалдық немесе әлеуметтік факторлардан маңыздырақ бола бастағанын байқатады.

ОТБАСЫНДА ЕР АДАМ БАСШЫ
Отбасындағы рөлдер мәселесінде дәстүрлі модель әлі де басым. 2020 жылы респонденттердің көпшілігі отбасының басшысы ретінде ер адамды атаған. Әйелді отбасы басшысы деп танитындар өте аз болған. Бірақ кейінгі жылдары серіктестікке негізделген отбасылар саны өсіп келеді. 2024 жылы маңызды шешімдер ерлі-зайыптылар арасында бірге қабылданады дегендердің үлесі шамамен 35%-ға жеткен. Соған қарамастан, респонденттердің шамамен 55%-ы әлі де отбасы басшысы ретінде күйеуін көрсеткен.
Отбасылық міндеттерді бөлу мәселесінде де қоғам аралас модельге көшіп жатыр. 2022 жылғы зерттеуде респонденттердің 47,3%-ы үйдегі міндеттер тең бөлінуі керек деп санайтынын айтқан. Ал 28%-ы үй шаруасы негізінен әйелдің жауапкершілігі деген пікір білдірген. Балаларды тәрбиелеу мәселесінде де жүктеменің негізгі бөлігі әйелдерге түсетіні байқалады: әйелдердің 44,5%-ы балалармен тұрақты түрде айналысатынын айтса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 25,6%-ды ғана құраған.
САНАЛЫ АТА-АНА
Зерттеу тағы бір маңызды өзгерісті көрсетеді – қазақстандықтар ата-ана болуға саналырақ қарай бастаған. 2024 жылы сауалнамаға қатысқандардың 73,5%-ы бала дүниеге әкелуді алдын ала жоспарлау қажет деп есептейтінін айтқан. Алайда іс жүзінде медициналық тексеруден өтіп, жүйелі дайындық жасайтындар өте аз – небәрі 17%.
Соңғы жылдары репродуктивті денсаулық қызметтерін пайдалану деңгейі де төмендеген. Егер 2022 жылы мұндай қызметтерге жүгінгендер үлесі 44,8% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 39,5%-ға дейін қысқарған. Қызмет сапасына берілген орташа баға Лайкерт шкаласы бойынша 3,85 балды құраған. Бұл көрсеткіш қызметтердің толық сенім қалыптастыра алмағанын аңғартады.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та байқалады. Қалалық жерлерде бала тууын жоспарлау идеясын қолдайтындар 77% болса, ауылдық жерде 67,3%. Алайда репродуктивті денсаулық қызметтерін пайдалану көрсеткіші бойынша айырмашылық аз – қалада 39,6%, ауылда 39,2%.
Өңірлік тұрғыда бала тууын жоспарлау идеясын ең көп қолдайтын аймақтар қатарында Абай облысы, Ұлытау облысы, Қостанай облысы, Ақтөбе облысы және Алматы аталған.
АЖЫРАСУ АЗАЙҒАН
Демографиялық көрсеткіштерге келсек, 2025 жылы Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келген. Жалпы туу коэффициенті әр 1000 адамға шаққанда 16,43 болған. Ең жоғары туу көрсеткіші Түркістан облысы, Шымкент және Маңғыстау облысы өңірлерінде тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысы аймақтарында байқалған. Ауылдық жерлерде туу деңгейі жоғары болып қала берсе, қалаларда кеш некеге тұру мен кеш босану үрдісі күшейіп келеді.
Сонымен қатар соңғы жылдары ажырасу санының азаюы да назар аударады. Егер 2019 жылы елде 60 мың ажырасу тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45,7 мыңға дейін төмендеген. Бұл өзгерісті сарапшылар экономикалық факторлармен қатар, жастардың некеге неғұрлым саналы әрі дайын күйде келуімен байланыстырады.
Жалпы зерттеу нәтижелері Қазақстан қоғамында отбасы құндылығы әлсіреген жоқ деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бірақ отбасы моделінің өзі өзгеріп барады: жастар кешірек үйленеді, серіктестікке негізделген қарым-қатынасқа көбірек мән береді, ал ата-ана болу мәселесіне бұрынғыдан саналырақ қарай бастады.