Қасым-Жомарт Тоқаев 73 жасқа толды

Ulysmedia
Коллаж: Ulysmedia.kz

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 73 жасқа толды. Ақордада жыл сайын дерлік президенттің туған күнін атап өтпейтіні айтылып келеді. Айтуынша, бұл – оның отбасындағы қалыптасқан дәстүр. Артық салтанатсыз, даңғазасыз. Бұл қасиет Тоқаевтың болмысын да айқындайтындай. Әрдайым жинақы, сабырлы, ұстамды. Биліктегі дипломат ретінде қабылданған саясаткер. Ulysmedia.kz редакциясы Қазақстанның екінші президенті қандай болды және қалай өзгерді дегенге шолу жасап көрді.

Келісімге келуге дағдыланған адам

Тоқаев саясатқа дипломатия саласынан келді. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдап, Сингапурда жұмыс істеді, кейін Қытайда бірнеше жыл қызмет атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға дәл осындай сабырлы, кәсіби, келіссөз жүргізе алатын мамандар қажет еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қытай, ағылшын және француз тілдерін еркін меңгерген. Саясаттанушы Ерболат Сейлеханов Ulysmedia.kz-ке Женевада болған бір оқиғаны айтып берген еді. Студенттермен кездесуде Тоқаев ағылшын және француз тілдеріндегі сұрақтарға еш қиналмай жауап берген. Кейін қытайлық студент сұрақ қойғанда, президент оған қытай тілінде жауап қатып, көпшілікті таңғалдырған.

– Студенттер ағылшын, француз тілдерінде сұрақ қояды, Қасым-Жомарт Кемелұлы сол тілдерде жауап береді – бұл Швейцария үшін үйреншікті жағдай. Бірақ қытайлық студенттің сұрағына қытай тілінде жауап бергенде бәріміз таңғалдық. Оның қытай тілін осынша деңгейде меңгергенін білмеппіз, – деп еске алған Сейлеханов.

Әріптестерінің айтуынша, Тоқаевтың тағы бір ерекшелігі – ұсақ-түйекке дейін мән беруі. Ол мәтіндерді өзі тексеріп, құжаттарды редакциялап, қысқа баспасөз хабарламасын да бірнеше мәрте қайта жөндететін болған.

– Ол халықаралық жиынға арналған баяндаманы қалай мұқият дайындаса, екі абзацтық пресс-релизді де солай қарап шығатын. «Мұнда ой тым көп сөзбен берілген, демек, нақты қалыптаспаған» деп байыппен айтатын, – дейді бұрынғы баспасөз кеңесшісі Бибігүл Жексенбай.

Сондықтан да Тоқаевты сөзге сақ, эмоцияға берілмейтін саясаткер ретінде сипаттайды.

Постназарбаев кезеңінің алғашқы президенті

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев билікті Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін қабылдаған тұлға болды. Алғашында көпшілік оны бұрынғы жүйенің жалғастырушысы ретінде қабылдады. Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі, Елбасыға көрсетілген құрмет, сақ мәлімдемелер осы пікірді күшейте түсті.

Алайда Қаңтар оқиғасы ел үшін де, Тоқаевтың өзі үшін де бетбұрыс кезеңіне айналды. Тәртіпсіздіктер, атыс, элита ішіндегі тартыс – Қазақстан мүлде басқа кезеңге өтті. Кейін президент қос билік жүйесі елді ауыр дағдарысқа алып келе жаздағанын ашық айтты.

Осыдан кейін «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы жарияланып, Тоқаевты дербес саяси тұлға ретінде қабылдау күшейді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»

Президент саяси жүйеге бірқатар реформалар енгізді. Алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті. Кейін жаңа саяси модель туралы бастамалар көтерілді.

Екі палаталы парламенттің орнына құрылтай жүйесі енгізіліп, вице-президент лауазымы пайда болды. Президенттің жеті жылдық бір мерзімі сақталды. Конституциялық соттың мәртебесі нақты айқындалып, президент туыстарының жоғары қызметтерге тағайындалуына шектеу қойылды. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп», «Ұлы дала» секілді идеологиялық ұғымдар бекітілді.

Билік мұны мемлекетті жаңғырту деп бағаласа, сыншылар президент өкілеттігі әлі де кең күйінде қалғанын айтады. Дегенмен, қазіргі саяси жүйенің бірнеше жыл бұрынғы жағдайдан өзгеше екенімен көпшілік келіседі.

Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы оның президенттік кезеңіндегі негізгі саяси ұстанымдардың біріне айналды.

Мәскеу, Бейжің және Батыс арасындағы тепе-теңдік

Соңғы жылдары әлемдегі геосаяси ахуал күрделене түсті. Ресей мен Украина арасындағы соғыс, санкциялар, логистика мен мұнай тасымалына қатысты қиындықтар, Таяу Шығыстағы шиеленістер – мұның бәрі Қазақстанға да әсер етті.

Осындай жағдайда Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі маңызды рөл атқарды. Ол Ресеймен қарым-қатынасты сақтай отырып, Қытаймен диалогты нығайтты және Еуропа мен АҚШ-пен байланысты үзген жоқ. Көпвекторлы саясат Қазақстан сыртқы саясатының басты бағытына айналды.

– Кәсіби дипломат ретінде ол консулдық мәселелерден бастап, екіжақты ынтымақтастық пен әлемдік саясатқа дейін жақсы білді, – деген еді бұрынғы дипломат әрі қоғам қайраткері Қазбек Бейсенбаев.

Осы жылдары Қазақстан пандемияны, Қаңтар оқиғасын, элита ішіндегі өзгерістерді және жаһандық тұрақсыздықты бастан өткерді. Мұның бәрі постназарбаев кезеңінде ел басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсына тап келді.