×
471.45
547.21
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.45
547.21
6.63

Қазақстанда бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті

Бүгін, 10:42
Қазақстанда бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда кедейліктің жалпы деңгейі айтарлықтай өзгермеген, бірақ жекелеген өңірлерде жағдай нашарлап, аймақтар арасындағы айырмашылық бұрынғыдан да айқындала түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жылдық статистика

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2025 жылы елдегі кедейліктің тереңдігі 0,8%, ал «өткірлігі» 0,2% деңгейінде болған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген.

Сонымен қатар, табыс теңсіздігі сәл азайған: Джини коэффициенті 0,296-дан 0,291-ге төмендеген, ал қорлар коэффициенті 6,20-дан 5,98 есеге түскен.

Қарапайым тілмен айтқанда, ел бойынша орташа жағдай тұрақты болғанымен, өңірлер ішіндегі айырмашылық көбейген.

Қай өңірлерде жағдай күрделі?

Мамандардың айтуынша, елдегі ең проблемалы өңір – Ұлытау облысы. Мұнда кедейліктің тереңдігі 1,6%, ал «өткірлігі» 0,7% деңгейінде тіркелген. Екі көрсеткіш те бір жыл ішінде өскен. Джини және қорлар коэффициенті аздап төмендегенімен, өңірде мүліктік теңсіздік әлі де жоғары.

Екінші орында – Маңғыстау облысы. Мұнда кедейліктің тереңдігі 1,3%-ға жеткен. Бірақ қызығы, бұл өңір ел бойынша теңсіздік деңгейі ең төмен аймақтардың бірі.

Сарапшылар мұны ерекше жағдай деп бағалайды: табыс салыстырмалы түрде біркелкі бөлінгенімен, халықтың бір бөлігінің табысы өте төмен күйінде қалып отыр.

Кедейшілік деңгейі жоғары аймақтар

Абай, Жетісу және Түркістан облыстарында да кедейлік көрсеткіштері жоғары деңгейде сақталған.

  • Абай облысында жағдай сәл жақсарғанымен, табыс алшақтығы ұлғайған
  • Түркістан облысында керісінше, әрі теңсіздік, әрі кедейліктің «өткірлігі» азайған
  • Павлодар облысы табыс теңсіздігі бойынша көш бастаған: қорлар коэффициенті 7,58 есеге жеткен
  • Қарағанды облысында кедейлік те, теңсіздік те, бай мен кедей арасындағы алшақтық та күшейген

Мегаполистердегі жағдай 

Алматыда кедейлік деңгейі айтарлықтай өзгермеген, бірақ табыс теңсіздігі азайған. Астанада кедейлік аздап өссе де, теңсіздік көрсеткіштері төмендеген.

Шымкентте айқын оң динамика байқалады: кедейліктің тереңдігі 1,6%-дан 1,1%-ға төмендеген. Дегенмен қала әлі де кедейлік деңгейі жоғары аймақтардың қатарында.

Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Жамбыл облыстарында тіркелген – 0,3%.

Жаһандық салыстыру бойынша, Қазақстандағы Джини коэффициенті (0,291) орташа немесе төмен теңсіздік деңгейі бар елдер қатарына жатады. Мысалы, Латын Америкасы мен Оңтүстік Африка елдерінде бұл көрсеткіш 0,45–0,6-дан жоғары.

Дегенмен сарапшылар орташа статистика өңірлер арасындағы үлкен айырмашылықты толық көрсетпейтінін ескертеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық статистика бюросының халық табысының айырмашылығына қатысты деректерін талдаған.

Өткен жылдың төртінші тоқсанындағы дерекке сәйкес, кедей санатына кіретіндердің жалпы саны 988 169 адам болған. Соның 85,33 пайызы немесе 843 201-і бес және одан да көп адамнан тұратын отбасыларға тиесілі. Отбасы мүшелерінің саны көбейген сайын мұқтаждар қатарына ену қаупі де айтарлықтай өседі: бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасында кедейлердің үлесі бір адамнан тұратын отбасылармен салыстырғанда 76 есе жоғары — 9,12 пайызға қарсы 0,12 пайыз. Шибұтовтың айтуынша, отбасы құрамының 4 адамнан 5 адамға өтуі кедейлікке ұрыну ықтималдығында өзіндік бір шекті кезең секілді көрінеді.

Серіктес жаңалықтары