Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ басылымы мен Freedom Finance компаниясы арасындағы дауға байланысты сот отырысы 15 маусымға шегерілді. Судья Ернар Қасымбеков процестің кейінге қалдырылуын іс бойынша күдікті деп танылған Қасенов пен Қапарованың сотқа келмеуімен байланыстырды. Журналистер процеске кіргізілмеді. Сот отырысын өзге залдан бақылады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Адвокаттар мен ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев сот әу баста 15 маусымға белгіленген дейді. Басылым бас редакторы Әмір Қасенов Астанада болғандықтан сол күнге ұшаққа билет алған. Сол себепті бүгінгі процеске келе алмаған.
– Әу баста сот отырысын 15 маусымға қойған. Астанада тұратындар билет сатып алды. Өздеріңіз білесіздер, бізде билеттер кері қайтарылмайды... Кейіннен сот 11 маусымға шегерілді. Біз сот белгіленген уақытта өткізуді сұрап бірнеше рет өтінішхат түсірдік. Қазір судья шешім шығарды, біз оны қолдаймыз. Соттың осылай басталып жатқанына қуаныштымыз, – деді Әсет Матаев.
Әсет Матаев сот отырысына өзімен бірге көлік баллонына арналған кілтті алып келді. Ол ҚазТАГ басылымына қатысты қозғалған «жалған ақпарат тарату» ісіне «бұзақылық» ісі қосылып, бірге қаралып жатқанын айтты. Не себепті олай болғанын білмейді.
Матаев «Мен Қазақстан тарихында бір мезетте 4 бап бойынша сотқа тартылып жатқан алғашқы журналист шығармын» дейді. Сөзінше, оның үстінен 190, 254 және 293-бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. 274-бап бойынша қозғалған істі кейіннен қысқартқан.
17 наурызда Алматыда Әсет Матаевтың қатысуымен төбелес болғаны туралы ақпарат тараған. Кейіннен ол екі айға қамауға алынған. Қазір ол үйқамақта отыр. Сол уақытта Матаев өзінің ешқандай төбелеске қатыспағанын, көшеде өзін және досын бейтаныс адамдардың арандатып, соққыға жыққанын айтқан.
– 274-бап БАҚ құралдары үшін «дубинкаға» айналды. Тура және ауыспалы мағынада журналистерді соққыға жығып, СИЗО-ға жабуға болатын дәрежеге жетті. Мен Әмір екеумізді ақтайды деп үміттенемін. Себебі біздің кінәміз жоқ. Мені бұған дейін де СИЗО-ға қамағылары келді. Бірақ соңғы сәтте прокурорлардың өздері одан бас тартты. Төбелес арандату болды. Салдарынан мен маңдайымнан және басымнан бірнеше соққы алдым. Біз таксиге мініп кетейін деп жатқанда бес жас жігіт қуып жетті. Біз шығып оларды сабырға шақырып, олар кетіп қалсын деп кері шегіндік. Бес минуттай уақыт өткенде біз таксиімізге қайтып келгенде олар сол жерде тұрды. Төбелеске арандатты. Бір адам баллон кілтімен тұрды. Маған бірнеше соққы жасады. Мен әлі күнге дейін жәбірленуші деп таныған жоқ, – деді ол.
Матаевтың сөзінше, соққыдан маңдай сүйегі сынғанын, қазір сол жақ қабағының көз тұсы қимылдамайды. Маңдайында отадан кейін тыртық қалған.
Контекст
Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.
10 маусымда Әмір Қасеновтың медиациялық келісімге келуге дайын екендігі туралы ақпарат тараған. Адвокат Сәлімжан Мусин бүгінгі сот отырысынан кейін журналистерге Қасеновтің «ақылға қонымды жағдайда келісімге келуге дайын екенін, бірақ кінәсін мойындамайтынын» айтты.
Маусымның басында үйқамақта отырған Әмір Қасенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, соттың ашық өтуін талап еткен. Ол сот жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.