×
489.39
567.5
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.39
567.5
6.69

Уран, Ормуз және санкция: АҚШ пен Иран келісімге келді

Уран, Ормуз және санкция: АҚШ пен Иран келісімге келді
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ пен Иран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл тараптарға бейбіт келісімге келу кезеңіне өтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ulysmedia.

АҚШ ПЕН ИРАН КЕЛІСІМІ

CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі 17 маусым күні Вашингтонда журналистерге «АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы Исламабад меморандумының» мәтінін таныстырды.

Құжат Иран сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи Тегеран мен Вашингтон өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын мәлімдегеннен кейін жарияланды. Оның айтуынша, бұл келісім тараптардың түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізу үшін келесі кезеңге өтуге мүмкіндік береді.

– Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи Иран мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумның мәтіні ресми түрде аяқталғанын мәлімдеді.Оның айтуынша, құжатқа екі тарап та қол қойған, сондықтан меморандум ресми түрде күшіне енетін кезеңге өтті, – делінген Иранның Press TV телеарнасытаратқан хабарламада.

МЕМОРАНДУМДА НЕ ДЕП ЖАЗЫЛҒАН?

dpa агенттігінің мәліметінше, келісімде «барлық бағыттағы әскери операцияларды, соның ішінде Ливандағы әскери операцияларды дереу және толық тоқтату» туралы айтылған.

14 тармақтан тұратын құжатқа сәйкес, Тегеран өзіндегі жоғары деңгейде байытылған уранды сұйылтуға (байыту деңгейін төмендетуге) міндетті. Вашингтонның пікірінше, бұл Иранға ядролық қару жасау мүмкіндік бермейді. Оның орнына АҚШ Иранның мұнай экспортына салынған санкцияларды алып тастайды.

АҚШ келісімге қол қойылғаннан кейін Иранға мұнайын қайтадан әлемдік нарыққа шығаруға кепілдік береді. Тегеран мұнай экспорты ондаған жыл бойы санкция астында болған. Сонымен қатар, тараптар 60 күндік келіссөз кезеңінен кейін толыққанды бейбіт келісімге қол жеткізсе, қосымша экономикалық шектеулерді де алып тастау көзделген.

Бұдан бөлек, құжатта Иранды қалпына келтіру және дамыту үшін көлемі кемінде 300 миллиард доллар (шамамен 260 миллиард еуро) болатын қор құру қарастырылған. Алайда бұл қор тек түпкілікті келісім жасалған жағдайда ғана құрылмақ. Бірақ АҚШ ол қорды қаржыландырмайды.

ДАУ БОЛҒАН ОРМУЗ БҰҒАЗЫ

Құжатта сондай-ақ Ормуз бұғазының жұмысын қайта жандандыруға қатысты ережелер де қамтылған.

Иран 60 күн бойы Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алмайды. Сонымен қатар, меморандумға қол қойылғаннан кейінгі 30 күн ішінде Тегеран теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кеме қатынасына кедергі келтіретін бөгеттерді жоюға және акваторияны миналардан тазартуға міндеттеледі.

– Иран келісімге қол қойылғаннан кейін Парсы шығанағынан Оман шығанағына және кері бағытта қатынайтын кемелердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін бар күшін салады әрі 60 күн бойы олардан өткені үшін ешқандай төлем алмайды», – деп жазылған құжатта.

Бұдан бөлек, Иран Ормуз бұғазын басқару және теңіз қызметтерін ұйымдастырудың болашағына қатысты халықаралық құқық нормаларына сәйкес Оманмен келіссөздер жүргізетін болады.

– Негізінде, бұл келісім бізге Ормуз бұғазын дереу ашуға, Иранды жоғары байытылған уран қорын жоюға міндеттеуге мүмкіндік береді. Егер Иран өз міндеттемелерін адал орындаса, біз оған экономикалық жеңілдіктер ұсынып, санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдете аламыз. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық тұрғыдан гүлденуіне жол ашады, – деді АҚШ әкімшілігінің өкілі.

АҚШ президенті Дональд Трамп қол жеткізілген келісімнің түпкілікті емес екенін және қажет болған жағдайда Иранға қарсы әуе шабуылдарын қайта бастауы мүмкін екенін мәлімдеді.

– Бұл – өзара түсіністік туралы меморандум ғана. Егер ол маған ұнамаса, біз қайтадан соққы жасауға ораламыз, олардың үстіне бомбалар тастаймыз», – деді Трамп G7 саммитінде сөйлеген сөзінде.

Меморандумға 19 маусымда ресми түрде қол қойылады деп жоспарланған. Осыдан кейін тараптар келісімнің түпкілікті шарттарын келісу үшін 60 күндік келіссөз кезеңін бастайды.

Серіктес жаңалықтары