Шымкентте жеке үйден өрт шығып, сегіз баланың анасы тірідей жанып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Қайғылы жағдай қала іргесіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында болған. Дәл перзенттерінің көз алдында отқа оранған әйелді аман алып қалу мүмкін болмады. Ауруханада ажал құшқан келіншек күйеуімен бірге үйде көрпе-төсек тігіп нәпақа тапқан екен.
Өрт шыққан кезде үй ішінде 39 жастағы Марал Боранбаева қалып қойыпты. Оны құтқаруға күйеуі ғана емес, тұңғыш баласы да ұмтылған. 17 жастағы жігіт ақыры анасын қызыл жалын ішін алып шығыпты. Алайда ауруханаға жеткен соң келіншектің демі үзілген.

– Әйелімді құтқара алмадым. Әйелім ана жақта жүрген ғой. Біз мақтамен айналысамыз. Арпалысып, әйелімді құтқарамын деп отты баса беріппін. Құтқара алмадық. 80 пайыз күйіп қалыпты әйелім, – дейді Шымкент тұрғыны Айдос Боранбаев.
Сегіз баласы бар Боранбаевтар отбасы көрпе-төсек тігіп, нәпақа тауып отырған. Үйдің ауласынан цех ашып, жұмыс істеген екен.
Куәгерлердің айтуынша, әуелі мақта өртеніп, санаулы сағаттар ішінде баспананың күллі көкке ұшқан.

– Естідік те, шауып келдік. Келсек, өртеніп түк қалмаған мына жерде. 6-7 тонна мақта түк жоқ. Балалары сыртта жүріп жанталасқан ғой, бірақ аман, Құдайға шүкір. Үлкен баласының мына жерлері күйіп әбіржіп қалды. Үлкен қызы тіпті шок. Кішкентайлары қашып құтылыпты, – дейді Шымкент тұрғыны Ержан Ырысбаев.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Қайғылы жағдайға қатысты Шымкент полиция департаменті түсінік берді.
– "Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады ведомство.
Айдос Боранбаев бір сәтте әйелінен, баспанасы мен кәсібінен айырылып, сегіз баласымен далада қалды.

Екі аяғы күйіп, жүре алмай қалған ер адам енді жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.
Назерке Еркінбекқызы