×
485.82
554.03
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.82
554.03
6.24

АҚШ-та алаяқтық жасаған қытайлық миллиардер 30 жылға соталды

Бүгін, 16:34
АҚШ-та алаяқтық жасаған қытайлық миллиардер 30 жылға соталды
BBC

Қытайдан қашып, кейін АҚШ-та өмір сүрген миллиардер Го Вэньгуй (Guo Wengui) ірі қаржылық алаяқтық жасағаны үшін 30 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ulysmedia.kz  AP-ға сілтеме жасап.

Федералдық судьяның айтуынша, оның әрекетінен әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңнан астам адам жүздеген миллион долларынан айырылған. Үкімді Нью-Йорктегі Манхэттен сотында судья Аналиса Торрес шығарды. Сот залында Гоның көптеген жақтастары болған.

Осыдан он жыл бұрын Қытайдан кеткен Го Вэньгуй АҚШ-та Қытай Коммунистік партиясын ашық сынағандаржың бірі ретінде танылған. Судьяның айтуынша, Го Қытайда демократия орнатуды қолдаған адамдардың сенімін пайдаланып, олардан ақша жинаған және сол қаражаттың есебінен сән-салтанатқа толы өмір сүрген.

«Мен АҚШ-қа Қытай Коммунистік партиясын жою үшін келдім»

Үкім шығарылар алдында Го түрмеде өзіне дұрыс қаралмағанын айтып, дүйсенбі күні таңертең ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді. Ол прокурорлардың өзін ауруды қолдан жасап жүрген адам ретінде сипаттауымен келіспейтінін айтып, түрмеге қайта келгенде бірнеше рет құсқанын жеткізді.

«Бұл жерге келгенде ішім ауырып тұрғанын, дәретханаға баруым керектігін, өзімді нашар сезініп тұрғанымды айттым», – деді ол аудармашы арқылы.

Қылмыстық іске қатысты ол қысқаша ғана пікір білдіріп:

«Мен АҚШ-қа Қытай Коммунистік партиясын жою үшін келдім», – деді.

Жәбірленушілер өмір бойы жиғанынан айырылған

Үкім шығарар алдында судья жәбірленушілерден келген хаттардың үзінділерін оқыды. Олар өмір бойы жинаған ақшасынан айырылғандарын, ауыр күйзеліске түскендерін, ұят қысқанын және жақындарының да олардан теріс айналғанын жазған. Судья Го Вэньгуйдің өз әрекеті үшін ешқандай жауапкершілік алмай отырғанын айтты.

«Ол ешкімге зиян келтірмедім деп сендіруге тырысады. Тіпті өзіне қарсы сөйлеген адамдарды қорқытып, қысым көрсетуге жақтастарын шақырған», – деді Торрес.

Сот Го Вэньгуйді 889 миллион доллар көлеміндегі активтерінен айыру туралы шешім шығарды. Сотта куәлік берген жәбірленушілердің бірі Вэй Чэнь алаяқтық оның және отбасының өмірін күйреткенін айтты.

Стив Бэннонмен бірге Қытай билігін құлатуды көздеген

Үш жыл бұрын қамауға алынғанға дейін Го америкалық консервативті стратег Стив Бэннонмен жақын қарым-қатынаста болған. Екеуі 2020 жылы Қытай үкіметін құлатуға бағытталған бірлескен бастама жариялаған. Ол Нью-Йорктегі Орталық саябаққа қарайтын сәнді пәтерде тұрған және АҚШ президенті Дональд Трамптың Флоридадағы Mar-a-Lago гольф клубының мүшесі болған.

Прокурорлар: мыңдаған инвесторды алдаған

Прокурорлардың мәліметінше, Го 2018–2023 жылдары өзі бақылауындағы компанияларға, соның ішінде GTV Media Group, Himalaya Farm Alliance және Himalaya Exchange жобаларына инвестиция салуға жүздеген мың адамды көндірген. Жалпы жиналған қаражат көлемі 1 миллиард доллардан асқан.

Тергеу мәліметінше, бұл ақша зәулім үйлер, яхталар, жарыс көліктері, қымбат бренд киімдері мен сәнді жиһаздарға жұмсалған. Жеті аптаға созылған сот процесінің қорытындысында Го Вэньгуй өзіне тағылған 12 айыптың тоғызы бойынша кінәлі деп танылды.

Қорғаушылар не дейді

Адвокаттары Го Вэньгуйді Қытай Коммунистік партиясының ұзақ жылдар бойғы саяси қудалауының құрбаны деп атады. Олардың айтуынша, Қытай билігі АҚШ-тағы саясат, бизнес және ойын-сауық саласындағы ықпалды тұлғаларды оған қарсы пайдалануға тырысқан. Қорғаушылар ұзақ мерзімге соттау Қытай билігінің оған қарсы жүргізіп отырған ақпараттық науқанын заңдастырады және өзге қытайлық диссиденттерге қысымды күшейтеді деп мәлімдеді.Сондай-ақ олар Гоның Қытайда азапталғанын, 1993–2022 жылдар аралығында сол жарақаттарды емдеу үшін бірнеше рет ота жасатқанын айтты.

Қытай не дейді

Қытай билігі бұған дейін Го Вэньгуйге зорлау, адам ұрлау, парақорлық және басқа да қылмыстар бойынша айып таққан. Алайда ол бұл айыптардың барлығын жоққа шығарған. Қытай Сыртқы істер министрлігі сот үкіміне қатысты пікір білдіріп, Гоның Қытайда іздеуде жүргенін және оған қатысты Интерполдың «Қызыл хабарламасы» (Red Notice) жарияланғанын еске салды. Бұл – күдіктіні экстрадициялау мақсатында әлем елдерінің құқық қорғау органдарына оны ұстау туралы халықаралық сұрау.