Ақтөбе облысында 22 жастағы жігіт 15 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікке ілінді. Жәбірленуші тарап күдіктінің қысымынан қауіптенетінін айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Жәбірленушінің әпкесі Ақмарал Әжіғалиеваның айтуынша, оқиға 2026 жылдың 19 мамырында болған. Оның сөзінше, күдікті қыз баланы қорқытып, болған жайтты ешкімге айтпауын талап еткен. Сол себепті оқушы бұл туралы туыстарына бір айдан кейін ғана хабарлаған.
- Бала қорқып бір ай бойы ешкімге ештеңе айтпады. “Айтсаң, өлтіремін, зорлағаным үшін емес, өлім үшін отырамын” деп қорқытқан. Сіңілім психологиялық күйзелісте. Ешкіммен сөйлеспейді, тамақ ішпейді. Күдікті ауылда ештеңеден қорықпай жүр. Біз тек әділдік орнап, кінәлі адамның жауапқа тартылғанын қалаймыз, – дейді Ақмарал Әжіғалиева.

Ақмарал Әжіғалиева
Туыстарының айтуынша, күдікті оқушының құрбысының ағасы. Екі отбасы бұрыннан аралас-құралас көрші болған. Қазір жәбірленуші қауіпсіздігі үшін ауылдан қалаға көшірілген.
- Зорлаған жігіт түк болмағандай ауылда жүр. Біздің қызды ауылда жүргізбейді. Сондықтан әділдік іздеп, жағдайды қоғам алдында жариялап отырмын. Біз көпбалалы отбасымыз. Біз ашық-шашық жүретін жандар емеспіз. Қарапайым отбасымыз. Ата-анамыз қолдарынан келгенше оқытты,- деді жәбірленушінің туысқаны.
Жәбірленуші тарап істің Қылмыстық кодекстің 120-бабы («Зорлау») бойынша тергелуін талап етеді. Олардың сөзінше, әзірге қыз тек сараптамадан өткен, ал күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған.
Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
- Күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Автор: Ардақ Ерубаева