×
468.88
534.1
6.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
468.88
534.1
6.04

Түркияда Қазақстан азаматы оққа ұшты: күдіктілер үш елде ұсталды

Бүгін, 10:30
Түркияда Қазақстан азаматы оққа ұшты: күдіктілер үш елде ұсталды
Видеодан алынған кадр

Түркияның Ыстамбұл қаласында оққа ұшып қаза тапқан Қазақстан азаматы Исмаиловтың өліміне қатысты қылмыс жедел ашылып, күдіктілер үш елдің аумағында ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан ІІМ делегацияларының Грузия, Түркия және Әзірбайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы бірлескен іс-қимыл күшейтілген.

Соның нәтижесінде Ыстамбұлда қазақстандық азамат Исмаиловтың тапаншамен атылып өлтірілуі қысқа мерзімде ашылған. Қазақстан, Түркия және Грузия полициясының бірлескен операциясы барысында қылмысты жасаған екі адам ұсталды.

– Тергеу кезінде кісі өлтірудің себебі анықталып, оны ұйымдастырған және тапсырыс берген адамдардың трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері екені белгілі болды. Олар халықаралық іздеуде жүрген күдіктілер санатына кіреді, – деп хабарлады министрлік

 

ІІМ мәліметінше, осы іс бойынша алынған ақпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қазақстан аумағында жасалған өзге де ауыр қылмыстардың бетін ашуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталып, одан қылмыс қаруы – тапанша тәркіленген. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары үш мемлекеттің аумағында трансұлттық қылмыстық топ мүшелерін ұстауға бағытталған кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізген.

Сондай-ақ Алматыда аталған қылмыстық құрылымның бірнеше мүшесі қолға түскен. Оларға қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр.

Қазіргі уақытта барлық қылмыстық эпизодтар бойынша дәлелдер жиналып, қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге күдіктілер анықталып жатыр.