Әлемге әйгілі америкалық рэпер Канье Уэст Алматыда концерт қояды. Бұл туралы блогер Бейбіт Әлібеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оның айтуына қарағанда, концерт 14 тамызда Алматының Орталық стадионында өтеді. Бұл Орталық Азия тарихындағы ең ауқымды музыкалық шаралардың бірі болмақ.
– Kanye West-тің әлемдік деңгейдегі концерттік турын Қазақстанға әкелу – ел үшін үлкен серпіліс. Бұл тек туристерді тартумен шектелмей, Қазақстанның халықаралық медиа кеңістіктегі танымалдығын арттырады, – деп жазды Бейбіт Әлібеков.
Концерт билеттерінің сатылымы дүйсенбі күні сағат 12:00-де басталады.
КАНЬЕ УЭСТ ТУРАЛЫ
Канье Уэст – америкалық рэпер, продюсер, әнші, дизайнер және кәсіпкер. Ол 1977 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында дүниеге келген.
Музыкалық мансабын 1990-жылдардың соңында продюсер ретінде бастаған. Кейін жеке орындаушы ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. Оның «The College Dropout», «Late Registration», «Graduation», «My Beautiful Dark Twisted Fantasy» сияқты альбомдары музыка индустриясындағы маңызды жұмыстардың қатарына жатады.
Канье Уэст – бірнеше рет Grammy сыйлығын иеленген. Ол хип-хоп тарихындағы ең ықпалды әрі коммерциялық табысты орындаушылардың бірі саналады.