×
470.28
537.53
5.99
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.28
537.53
5.99

Блогер Сәрсенбаев видеоны өшіріп, жәбірленушілерге өтемақы төлейтін болды

Бүгін, 11:16
Блогер Сәрсенбаев видеоны өшіріп, жәбірленушілерге өтемақы төлейтін болды
Азамат Сәрсенбаевтың жеке архивінен

Ақтауда сот танымал блогер Азамат Сәрсенбаевты Instagram-дағы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілерді түсірген видеосын өшіруге және олардың әрқайсысына моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл шешім туралы бүгін, 2026 жылғы 21 шілдеде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді. Алайда сот актісі 2026 жылдың 19 қаңтарында шығарылған.

Іс полицияның бұрынғы қызметкерімен түсірілген сұхбаттан кейін басталған. Ол қызметтік әрекетсіздігі үшін сотталған болатын.

Әңгіме барысында Азамат Сәрсенбаев тергеу әрекеттері кезінде түсірілген, онда екі жәбірленуші бейнеленген видеоны көрсеткен. Кейін бұл азаматтар өздерінің суреттерін пайдалануға келісім бермегенін айтып, видеоны өшіруді және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап еткен.

Сотта Сәрсенбаев бұл видео ашық сот отырысында зерттелгенін, сондықтан оны пайдалануға болады деп уәж келтірді. Сонымен қатар ол өзінің қоғамдық қызметін алға тартты.

Алайда сот бұл дәлелдерді қабылдамады. Шешімде жауапкер «даулы видеожазба азаматтың бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға рұқсат етілетін ерекше жағдайларға жататынын дәлелдейтін құжаттарды сотқа ұсынбағаны» көрсетілген.

Сот сондай-ақ видеоны жариялау және оның астындағы жағымсыз пікірлер талап қоюшыларға моральдық тұрғыдан зардап шегуіне себеп болған деген қорытындыға келген.

Нәтижесінде блогер Instagram желісінен видеоны өшіруге және екі жәбірленушінің әрқайсысына 200 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысын төлеуге міндеттелді.

АЛАЙДА ІС МҰНЫМЕН БІТКЕН ЖОҚ

Бірінші сот процесінен кейін Сәрсенбаев сот талқылауының өзіне қатысты жазба жариялап, онда талап қоюшылардың бірінің Instagram желісіндегі ашық парақшасынан алынған суретін пайдаланған.

Ол азамат бұл жарияланымды заңсыз деп санап, қайтадан сотқа жүгінді.

Алайда бұл жолы сот басқа шешім шығарды. Екінші талап арыз талап қоюшының пайдасына шешілмеді.

Сот азаматтың суретін бұған дейін өзі ашық түрде жариялағанын, ал жазбада оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат болмағанын атап өтті.

Нәтижесінде сот Азамат Сәрсенбаевтың пайдасына өкіл қызметіне кеткен 300 мың теңге шығынды талап қоюшының өзінен өндіріп алу туралы шешім шығарды.