×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Біртанов пен Әбішев ісі: Сот үкімі өзгеріссіз қалды

10.02.2023, 16:04
Фото: Ulysmedia.kz

Апелляциялық cот алқасы Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев ісіне қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 431-бабы, 443-бабы, 444-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы қаулы етті: Астана қаласы Сарыарқа ауданының 2022 жылғы 28 қазандағы №2 аудандық сотының Елжан Біртановқа, Олжас Әбішевке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Қорғаушылар мен сотталғандардың апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмайды. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді», - деді апелляциялық сот алқасының төрағасы Айбек Әмірғалиев.

Апелляциялық сот үкімінен кейін журналистердің сұрағына жауап берген Біртанов әрі қарай жоғары инстанцияға шағым беретінін, керек болса Халықаралық сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Еске салсақ, өткен жылдың қазанында экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішев қылмыстық кодекстің 361-бабы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Оларға мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойы тыйым салынады. Сондай-ақ ескертусіз мекен-жайын өзгертуге болмайды.

Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын. Осы платформа бойынша орындалмаған жұмыстың құны 4,5 млн доллар немесе 1,5 млрд теңге деп танылды.

2022 жылдың 9 қарашада Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

Өткен жылдың соңында қазақстандық дәрігерлер Елжан Біртановты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жариялаған.

«Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз және Елжан Амантайұлын індет кезінде тек құрметпен қарайтын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты біздің ел де індетке дайын болмағанына ол кінәлі емес және сол кездегі Денсаулық сақтау министрі өзіне тікелей қатысы бар жұмысты дұрыс атқарып, қолдан келгенді жасады», - деп жазылған петицияда.

Серіктес жаңалықтары