Қазақстанның Өзбекстандағы жаңа елшісі Ералы Тоғжановтың Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен түсірілген суреті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Facebook желісінде Нұрболат Адырбек есімді қолданушы рәсім кезіндегі елшінің иілуіне назар аударып, мұны сынға алды.
– Неге сонша иілгенін түсінбедім? Мына Тоғжанов егер Өзбекстан емес, Ресейге елші болып барғанда, алаңсыз тізерлеп отырады екен, дәә)) Не деуге болады? Әлде, дипломатияда осындай талаптар бар ма? – деп жазды ол.
ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі мұндай қимылдың дипломатиялық хаттамаға сай екенін айтса, енді бірі елшінің әрекетін орынсыз деп бағалады.
Пікірлер арасында:
«Назарбаев бәрін осылай иілуге әдеттендірген. Мына байғұстың миынан, санасында әлі шықпапты».
«Қалай айтсаңыздар да, бүкіл бір елдің өкілі болып тұрған адамның мынадай құлдық ұрып тұрғаны жараспайды».
«Құлдық психология!»
«Қытайша сәлем беру қазаққа жараспайды».
«Дипломатиялық этика сондай» деген пікірлер жарияланған.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұған дейін Ералы Тоғжанов Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
Елші қызметіне дейін Ералы Тоғжанов премьер-министрдің кеңесшісі болды. Әр жылдары премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ кейінгі уақытта Joryq республикалық ат спорты федерациясының қамқоршылық кеңесін басқарды.