Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында 22 жастағы Сәния Жұбанышеваның қаза табуынан кейін изолятор қызметкерлері ұсталды. Олардың бірі – кезекші көмекшісі Мұхтар Шәмсудиновқа салғырттық танытты деген күдік тағылып, қамауға алынды. Оның адвокаты Талғат Есімов құқық қорғау органының қызметкерін кінәлі етіп көрсетуге тырысып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Мұхтар Шәмсудинов Сәния көп мөлшерде дәрі қабылдап, жағдайы нашарлаған түні кезекшілікте болған. Адвокаттың айтуынша, тергеу оны қызметтік салғырттық жасады деп айыптап отыр. Тергеушілердің пайымынша, ол бейнебақылау камералары арқылы ұсталған қыздың дәрі ішіп жатқанын байқауы тиіс болған. Алайда қорғаушы бұл тұжырыммен келіспейді.
– Мәселенің түп-төркінін қарау қажет: Сәния Жұбанышеваны әуеліде ұстауға кім жауапты болды, оны қамауға алу туралы тергеушінің өтінішін кім қолдады, сотқа дейінгі қамауға алуға кім санкция берді және қыздың уәждерін кім елемеді, – деді Талғат Есімов.
Адвокаттың сөзінше, бастапқы іс бойынша жәбірленуші деп танылған жас жігіттің Сәнияға ешқандай шағымы болмаған. Соған қарамастан, бірнеше күннен кейін қыз ұсталып, кейін сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
Контекст
Сәния Жұбанышева 15 мамыр күні Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған.
Ресми мәлімет бойынша, ол көп мөлшерде жүрекке арналған дәрі қабылдаған. Алайда Сәнияның анасы Зухра Сопыбекова бұл нұсқамен келіспейді және бейнебақылау камераларындағы жазбаның толық нұсқасын көрсетуді талап етіп отыр.
Марқұмның отбасы камераға сонша көп дәрінің қалай кіргенін және неге ешкім қызды дер кезінде тоқтатпағанын анықтауға тырысып жатыр.
Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгенге дейін Сәния кәмелетке толмаған адамның денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген. Ал оның өзі зорлауға әрекет жасалғанын мәлімдеген болатын.
Қыздың қазасынан кейін уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тергеу басталды.
Еске салайыық, бұған дейін Шымкент полициясының уақытша ұстау изоляторында «суицид жасап көз жұмды» делінген Сәния Жұбанышеваның анасы мен адвокатты істің баяу жүріп жатқанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді.