×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Мәскеудегі жарылыстың нысанасы ресейлік бас қолбасшы болуы мүмкін

Бүгін, 14:19
Мәскеудегі жарылыстың нысанасы ресейлік бас қолбасшы болуы мүмкін

Мәскеу орталығындағы Balzi Rossi мейрамханасының маңында болған жарылыстың негізгі нысанасы Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайко болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұл туралы соғысты қолдайтын Ресейдің бірнеше Telegram-арнасы мен украиналық мониторинг ресурстары хабарлаған. DW мәліметінше, алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Дереккөздердің мәліметінше, Александр Чайко зардап шекпеген. Бірқатар Telegram-арнаның жазуынша, мейрамханада жабық іс-шара өтіп жатқан.

Блогер Анатолий Шарий де мерекелік кешке дайындық барысы түсірілген делінген видеоны жариялады. Сахнада «Александр 55» деген жазу көрінеді. Чайко 27 шілдеде 55 жасқа толған.

Александр Чайко 2026 жылғы мамырда Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалған. Бұған дейін ол Шығыс әскери округінің әскерлерін басқарған. Украина билігі оны Бучадағы әскери қылмыстарға қатысы бар деп айыптайды.

Жарылыс қалай болды?

«Коммерсант» газетінің мәліметінше, жарылыс мейрамхананың жазғы алаңында өтіп жатқан жеке іс-шара кезінде болған.

Нұсқалардың біріне сәйкес, күзет қызметкерлері қонақтарға арналған сыйлық салынған қорапты алып келе жатқан әйелді тоқтатқан. Тексеру кезінде жарылыс болған.

Алдын ала болжам бойынша, жарылғыш зат қашықтан іске қосылған.

Басылым дереккөздері әйел қораптың ішінде не барын білмеген болуы мүмкін екенін де айтады.

Жарылыстың қуаты тротил баламасымен шамамен бір келі болғаны, ал құрылғының ішіне металл шарлар салынғаны хабарланды.

Кейін Ұлттық терроризмге қарсы комитет қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылғанын растады.

Оқиғаға байланысты терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға орнында курьер, күзет қызметкері және мейрамханаға келген бір адам қаза тапқан.

Тағы 21 адам жарақат алды.

Кейін «112» Telegram-арнасы қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін хабарлады. Тағы екі адам ауруханада көз жұмған.

Материал жарияланған сәтте болған оқиға үшін жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ.

Осыған ұқсас жағдай бұрын да болған

Еске салайық, ресейлік блогер Владлен Татарский 2023 жылғы сәуірде қаза тапқан еді.

Сол кезде Санкт-Петербургте оқырмандарымен кездесіп отырған оған ішіне жарылғыш зат жасырылған мүсінше сыйға тартылған.

Жарылыс салдарынан Татарский қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған.

Кейін сыйлықты табыстаған Дарья Трепова 27 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол мүсіншенің ішінде жарылғыш зат барын білмегенін және оны тыңшылық құрылғы деп ойлағанын айтқан.

Ресей билігі терактіні Украина арнайы қызметтері ұйымдастырды деп мәлімдеді.