×
$
469.85
542.16
5.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.85
542.16
5.78

Қайсар Қамза жеті жылға сотталуы мүмкін - Бас прокуратура

Бүгін, 18:10
Қайсар Қамза жеті жылға сотталуы мүмкін - Бас прокуратура
Instagram/@qais_arr

Қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол заңсыз интернет-казиноны жарнамалап, қазақстандықтарды құмар ойындарға тартты деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Күдіктіге 200 мың доллар түскен

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге қайтарды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылғы қаңтарда Қамза әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі үлкен аудиториясын пайдаланып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казиноларды жарнамалаған. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға қатысуға тартқан.

Тергеу мәліметінше, интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен.

Қылмыстық топ 106 млрд теңгеден астам қаражатты иемденген

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері 2021 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырған.

Олар төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген.

Осы іс бойынша қылмыстық топтың тоғыз сыбайлас қатысушысы қамауға алынған. Қалған күдіктілерге, оның ішінде Қайсар Қамзаға да халықаралық іздеу жарияланған.

Вьетнамда ұсталып, Қазақстанға қайтарылды

Биыл маусымда Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша күдікті Вьетнам аумағында ұсталған.

Кейін Бас прокуратураның сұрауы негізінде оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім қабылданған.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Егер тағылған айып сотта дәлелденсе, оған мүлкін тәркілеу және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.