×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Маңғыстаудағы мұнай кен орнында өрт шықты: не белгілі?

Бүгін, 14:40
Маңғыстаудағы мұнай кен орнында өрт шықты: не белгілі?
Экология департаменті

Маңғыстау облысындағы Құлжан мұнай кен орнында болған өрттің мән-жайы белгілі болды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Бораңқұл ауылы маңындағы өрттің видеосы тараған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Экология департаментінің мәліметінше, өрт 7 тамыз кешкісін мұнай қабылдау пунктінде шыққан. Өрт туралы хабар 18:10-да «Meerbusch» ЖШС-нен түскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ЦА-320 цементтеу қондырғысында тұтанған. Сол сәтте жұмысшылар көлемі 2 мың текше метр болатын резервуардың түбіне жиналған қалдықтарды тазалап жатқан.

Ведомство резервуардың бос болғанын, ішінде мұнай болмағанын атап өтті.

Өрт 20:00-де толық сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.

Мұнай төгілген жоқ

Ведомствоның мәліметінше, өрттен айтарлықтай материалдық шығын келмеген. Мұнай жабдықтың және нысан аумағының сыртына төгілмеген.

Қазір мұнай қабылдау пункті қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Оқиға туралы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне және мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарланған.

Өрттің нақты себебі тексерістен кейін анықталады. Мамандар ықтимал шығын көлемін де есептеп, болған оқиғаға құқықтық баға береді.

Кен орны туралы не белгілі?

Құлжан кен орны Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында орналасқан.

Мұнай қабылдау пунктінде өндірілген мұнай уақытша сақталып, есепке алынады. Одан кейін шикізат «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырына жөнелтіледі.

Нысан аумағында әрқайсысының сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын үш мұнай резервуары, сорғы станциясы, шикізатты жылыту және есепке алу жабдықтары, сондай-ақ, су сақтайтын резервуарлар бар.