×
$
465.19
536.55
5.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.19
536.55
5.61

«Миға сыймайды»: Заңгер Мейірман Шекеев қазақ тілін қорғағаны үшін істі болып жатыр

Бүгін, 10:45
«Миға сыймайды»: Заңгер Мейірман Шекеев қазақ тілін қорғағаны үшін істі болып жатыр
Ulysmedia коллажы

Заңгер Мейірман Шекеев мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты өзіне қатысты іс қозғалғанын айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Толығырақ

Заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғыс айтып, мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты іс қозғалғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, кейінгі күндері Қазақстаннан ғана емес, шетелден де қолдаушылары мен әріптестері хабарласып жатыр.

– Кешеден бері мені уайымдап, қолдау білдіріп жатқандарыңызға алғысымды білдіремін. Иә, мен сіздерді алаңдату үшін салған жоқпын. Бар шындықты білуіміз керек. Маған қазір жан-жақтан – Оңтүстік Кореядан да, Египеттен де, Түркиядан, Ресейден қолдаушыларым, әріптестерім хабарласып жатыр, – деді ол.

Шекеевтің сөзінше, оның қазіргі жағдайы ана тілін және Қазақстанның мемлекеттік тілін қорғауға байланысты болып отыр.

– Біз ана тілімізді, мемлекеттік тіл деп бекітіліген тілімізді қорғаймыз деп, осылай істі болып жатырмыз. Бұл енді адамның миына сыймайтын нәрсе. Көбі бас шайқап жатыр. Мен ешқашан заң бұзған жоқпын. Тілім үшін аяғына дейін тұрып беремін, – деді заңгер.

Ол сонымен қатар желідегі оқырмандарына арандатушы пікірлер жазбауға үндеді.

– Өйткені мемлекеттік тілі – қазақ тілі және сіздерден де осы видеоның астына ұлтаралық алауыздық тудыратын пікірлер жазбауларыңызды сұраймын. Мені қамап тастаса да, менің артымда мыңдаған Мейірман бар екеніне көзім жетіп жатыр. Парақшам күні-түні бақылауда, – деді Шекеев.

Заңгер өзінің пікірінше, мәселенің тағы бір түсініксіз тұсына назар аударды. Ол бұған дейін тіл мәселесіне қатысты түрлі азаматтардың әрекетіне байланысты арыздар жазғанын, алайда олардың ешқайсысына қатысты іс қозғалмағанын айтты.

– Бұл жерде тағы бір қызығы – аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан адамдарға ешқандай іс қозғалмаған. Барлығына қатысты мен арыз түсірдім, бірде-біреуіне іс қозғалған жоқ. Ал маған, Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілін қорғап шыққан адамға тырнақтың астынан кір іздеп, іс қозғады, – деді Мейірман Шекеев.

 

Мейірман Шекеев кім?

Мейірман Шекеев — заңгер, адвокат, қоғам белсендісі. Ол кейінгі жылдары қоғамда резонанс тудырған бірқатар істерге қатысып, жәбірленушілердің мүддесін қорғаған. Атап айтқанда, Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші тараптың өкілі болды.

Шекеев тіл мәселесіне қатысты да бірнеше рет пікір білдіріп келеді. 2024 жылы берген сұхбаттарының бірінде ол Қазақстанда заң жүзінде бір ғана мемлекеттік тіл барын — қазақ тілі екенін айтқан. 

2025 жылдың соңында заңгер қоғамдық көліктегі қазақ тіліне қатысты жанжал бойынша да құқықтық мәселелерді көтеріп, полицияға арыз бергенін айтқан. 

Ал қазіргі мәлімдемесінде Мейірман Шекеев өзіне қатысты істің нақты қандай бап бойынша және қандай оқиғаға байланысты қозғалғанын ашып көрсетпеді.