×
$
465.08
536.52
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
465.08
536.52
5.56

Wildberries қоймаларындағы өрттен келген шығын 800 млрд рубльге жетуі мүмкін

Бүгін, 13:07
Wildberries қоймаларындағы өрттен келген шығын 800 млрд рубльге жетуі мүмкін
ашық дереккөз

Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар компания мен сатушыларға жүздеген миллиард рубль шығын әкелуі мүмкін. Логистикалық нысандардың бір бөлігі толықтай өртеніп кеткен. Кәсіпкерлер тауарларынан айырылып, қаржылық қиындықтарға тап болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Толығырақ

Қоймалар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру RWB компаниясына 147,1-ден 223,1 млрд рубльге дейін шығын келтіруі мүмкін. Ал зақымданған нысандарды толық бұзып, қалдықтарды шығару және аумақты қайта қалпына келтіру қажет болса, шығын көлемі 278,9 млрд рубльге дейін өсуі ықтимал. Мұндай деректерді Data Insight сарапшысы Сергей Семко келтірген. Оның бағалауын Forbes.ru жариялады.

Сатушылардың шығыны бұдан да жоғары болуы мүмкін. Алдын ала есеп бойынша, олардың шығыны 445-тен 507,8 млрд рубльге дейін жетеді. Осылайша, компания мен сатушыларға келген жалпы залал шамамен 600–800 млрд рубль болуы ықтимал.

Электронды сауда алаңдарындағы тауар жеткізушілері қауымдастығы да осыған ұқсас сандарды келтіреді. Қауымдастықтың мәліметінше, 400 мыңнан астам сатушы зардап шеккен. Олардың жоғалтқан пайдасын қоса есептегендегі шығыны 600–700 млрд рубльге бағаланып отыр. Кейбір кәсіпкерлер тауарларының 95 пайызына дейін жоғалтқан.

Wildberries әзірше келтірілген залалдың нақты көлемін жариялаған жоқ. Компания зардап шеккен қоймаларда түгендеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кейбір сатушылар өтемақы ала бастаған. Сондай-ақ оларға несие мен қарыз төлемдерін кейінге қалдыру және тауар сақтау ақысына жеңілдіктер қарастырылған.

Контекст

Бұған дейін Ресейдегі Wildberries қоймаларына дрондармен жасалған шабуылдардан кейін компания логистикасының бір бөлігін көршілес елдерге көшіру мүмкіндігі талқыланған болатын. Нұсқалардың бірі ретінде Қазақстан аталды. Алайда компания қоймаларын Қазақстанға шұғыл көшіру жоспарын ресми түрде растаған жоқ.

Соған қарамастан, ҚР Сауда министрлігі ұлттық мүдделерді ескере отырып, мұндай ұсынысты қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Кейін Wildberries-ке өз алаңдарын Қырғызстан да ұсынды. Елдің Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Темир Сариев барлық тауарды бір жерде сақтау қауіпті екенін айтып, Қырғызстандағы қоймалар тәуекелдерді бөлуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Бұл ретте Wildberries Қазақстандағы қойма желісін кеңейтіп жатыр. Қазір компанияның Қазақстандағы қойма алаңдарының жалпы көлемі шамамен 40 мың шаршы метр болады.

2027 жылдың бірінші тоқсанында Астана мен Алматыда жалпы аумағы 260 мың шаршы метрден асатын жаңа логистикалық орталықтарды іске қосу жоспарланған.