Түркияда «Сүлейменшілер» деп аталатын радикал ислам ұйымына қарсы ауқымды операция өтіп жатыр. Анкара прокуратурасы 49 адамды ұстауға санкция берді. Олардың арасында кәсіпкер әрі қозғалыс жетекшілерінің бірі Алихан Күріш те бар. Күдіктілерге қаржылай қылмыстар, соның ішінде заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстату айыбы тағылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Cumhuriyet басылымының мәліметінше, тергеу шаралары Түркияның 17 провинциясында, соның ішінде Анкара, Ыстамбұл және Антальяда өтіп жатыр.
Қазірге дейін 30-ға жуық адам ұсталған. Күдіктілердің үйлері мен қауымға қатысы бар компаниялардың кеңселерін қоса алғанда, 120-дан астам мекенжайда тінту жүргізілген.
Тергеу 33 компанияның қызметін тексеріп жатыр. Бұл фирмалардан қайдан келгені белгісіз ірі көлемдегі ақша аударымдары анықталған.
Іс материалдарына сәйкес, шетелге шамамен 100 млрд түрік лирасы шығарылуы мүмкін. Компанияларға сырттан басқарушылар тағайындалды.
Полиция ұйымның бас кеңсесіне де барды
Жеке операция Ыстамбұлдың Үмрание ауданында өтті. Түркиялық Hürriyet басылымы бұл ғимаратты «Сүлейменшілердің» бас кеңсесі деп атайды.

Фото: Haberler
Тінту кезінде аумаққа қосымша полиция жасақтары жұмылдырылды. Операция барысы әуеден де бақыланды.
Ғимарат ішіндегі тергеу жұмыстары бірнеше сағатқа созылды.
«Сүлейменшілер» туралы не белгілі?
«Сүлейменшілер» – сопылықтың Нақшбандия тармағымен байланысты Түркиядағы ірі сунниттік діни қозғалыс.
Оның негізін 1888-1959 жылдары өмір сүрген дінтанушы Сүлейман Хилми Тунахан қалаған деп есептеледі.
Қауым Құран үйрететін курстар, жастарға арналған пансионаттар және қайырымдылық ұйымдарының кең желісімен белгілі. Оның құрылымдары Түркиядан тыс елдерде де жұмыс істеген.
Қозғалыс Қазақстанда да жұмыс істеген?
Қазақстанда «Сүлейменшілерге» қатысы бар құрылымдар 1990 жылдардың басында пайда болған.
Олар негізінен қайырымдылық қорлары мен пансионаттар арқылы жұмыс істеді. Солардың қатарында «Жібек жолы» қауымдастығына қарасты ұйымдар да болған.
Әртүрлі дерекке қарағанда, бұл желіде 90-ға жуық пансионат болған. Жылдар ішінде оларда мыңдаған бала тұрған.
Ресми түрде бұл мекемелер аз қамтылған отбасылардың балаларына баспана беріп, қолдау көрсетумен айналысқан. Алайда кейін Қазақстан билігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кейбір мекемелерде іс жүзінде діни білім берілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары билік осы қозғалысқа қатысы бар мекемелерді жаба бастады.
2024 жылы Алматы соты «Жібек жолы» қауымдастығына кірген 26 қайырымдылық ұйымын таратты. Бұл шешім ел бойынша ондаған пансионатты қамтыған желіге әсер етті.
Қазақстанның мемлекеттік органдары айтқан шағымдардың қатарында заңсыз діни және білім беру қызметі, санитарлық, көші-қон және еңбек талаптарын бұзу, сондай-ақ мекемелердің нақты жұмысының олардың жарғыда көрсетілген мақсаттарына сай келмеуі болған.