Ақтөбеде 5 баланың әкесі терроризмді насихаттағаны үшін сотталды. Ер адам бұған дейін де бірнеше рет сотталған. Бостандыққа шыққан соң түрмеде бірге отырған досына жиһадты түсіндірген ол тағы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Ақтөбе қалалық соты 41 жастағы ер адамды Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
– Өкінемін. Маған жеңіл жаза тағайындауыңызды сұраймын, – деді сотталушы.
Ол қатаң режимдегі абақтыға 4 жыл 6 айға жіберілді.
Сотталушы үкімді байыппен тыңдады. Үкімнен кейін сотқа қатысқан таныстарына қарап, сұқ саусағын көтерді. Судья сотталушыны және сотқа қатысушыларды суретке түсіруге тыйым салды.
Сотталушы тек Hyundai автокөлігін өзінде қалдыруды сұрады. Үкімде автокөлік тәркіленбеді. Одан тек сот шығындары үшін 2,6 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Тергеу нені анықтады?
Тергеу материалдарына сүйенсек, 2025 жылғы 17 шілдеде танысының үйіне қонаққа барған кезде діни кітаптағы сөздерден үзінді келтірген. Тағы бір әңгіме көлікте болған. екі эпизотта да жиһад туралы әңгіме болған.
Сот сараптама қорытындысы оның сөздерінен терроризмді насихаттау, зорлық-зомбылыққа шақыру және адамдарды қарулы қақтығысқа тарту белгілері анықталғанын көрсетті.
Сотталушы айыптау қорытындысымен және сараптама нәтижелерімен толық келісетінін айтты. Қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
Прокурор оның бұған дейін де бірнеше рет сотталғанын айтты. 2011 жылы төрт жылға бас бостандығынан айырған. 2016 жылы экстремизм бойынша жеті жылға, ал 2017 жылы Павлодар қаласының №2 соты бес жыл үш айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеде ауызашарда отырып, жиһадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталғанын жаздық.
Ардақ Ерубаева