Ресейдің Диксон портынан халықаралық нарыққа дизель отынын тиеген алғашқы танкер жолға шықты. Бұл Мәскеу мен Вашингтон арасындағы келісімнен кейін басталды. Екі ел отын ұсынысын арттырып, әлемдік нарықтағы бағаның өсуін тежеуді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейден алғашқы танкердің жолға шыққанын ел премьер-министрінің орынбасары Александр Новак хабарлады. Оның айтуынша, қолданыстағы шектеулерге қарамастан, Ресейдің энергия ресурстарына сұраныс әлі де бар.
Еске салайық, 9 қазанда Дональд Трамп пен Владимир Путин Ресей дизель отынын әлемдік нарыққа, соның ішінде АҚШ-қа жеткізу жөнінде келісімге келген болатын.
Келісімнің алғашқы кезеңінде 500 мың тоннаға дейін дизель отынын экспорттау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Трамп бұдан да ауқымды жоспарларын жариялаған еді. Атап айтқанда, алдымен 300 мың тонна, қарашада тағы 500 мың тонна, кейін 1 миллион тонна отын жеткізу көзделген. Ал Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты мүмкіндік берсе, қосымша 3 миллион тонна дизель экспортталуы мүмкін.
Келісімді жүзеге асыру үшін АҚШ Қаржы министрлігі 2027 жылғы сәуірге дейін ресейлік дизель отынына қатысты сауда операцияларын жүргізуге рұқсат берді.
Алайда Ресейдің мұнай компанияларына салынған санкциялар әлі күшінде. Сондықтан тараптар алдағы жеткізілімдерді қалай жүзеге асыратынын қосымша келісуі керек.
Трамп пен Путиннің келісімі АҚШ заң шығарушыларының бір бөлігінің наразылығын туғызды.
АҚШ Конгресінің 17 мүшесі, оның ішінде 16 демократ пен бір республикашыл Ресейден дизель отынын сатып алуды тоқтатуға бағытталған заң жобасын ұсынды.
Құжатта бұған дейін берілген рұқсаттардың күшін жою, жаңа лицензиялар беруге тыйым салу және Ресейдің энергетика саласына қосымша санкциялар енгізу қарастырылған.
Бастама авторларының бірі, демократ Грегори Микс Трампты Мәскеуге қысымды күшейтудің орнына Путинмен жақындасуға тырысты деп айыптады.
Оның пікірінше, Конгресс бұл мәселеге араласып, келісімнің жүзеге асуына жол бермеуі керек.
Дональд Трамп қосымша жеткізілімдер АҚШ-та және әлемдік нарықта жанармай бағасын төмендетуге көмектеседі деп үміттенеді.
Алайда қазақстандық экономист Рахым Ошақбаев келісім аясында жеткізілетін отын көлемі нарықтағы жағдайды айтарлықтай өзгертуге жеткіліксіз деп есептейді.
Бұл туралы толығырақ Ulysmedia.kz материалынан оқуға болады.