×
$
448.61
€
503.83
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.61
€
503.83
₽
5.48

Тергеу тоқтап тұр: ІІМ Самал Ибраеваға жасалған кибершабуылға тапсырыс бергендерді неге таба алмай отыр

Бүгін, 10:41
Тергеу тоқтап тұр: ІІМ Самал Ибраеваға жасалған кибершабуылға тапсырыс бергендерді неге таба алмай отыр
Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға жасалған кибершабуылдың тергелу барысы туралы ақпарат бере алмады.

Мән-жайы

Бұл резонанс тудырған іске қатысты сұрақты редакция тілшісі ОКҚ брифингінде қойды. Тергеу басталғанына бір жарым жыл өтсе де, құқық қорғау органдары кибершабуылға тапсырыс бергендер мен оны орындағандарды әлі анықтамаған.

Еске салайық, былтыр заңсыз сайттардың бірінде Ибраеваның жалған фотосуреттері бар анкета жарияланған.

Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай бұл іске қатысты ақпарат жария етілмейтінін айтты.

– Бұған дейін айтылғандай, тергеу жалғасып жатыр. Осыған байланысты жазбаша түрде өтініш жолдауыңызды сұраймыз. Өтінішіңіз қаралады. Тергеу барысында белгілі болған деректер жария етілмейді. Сондықтан e-Otinish порталы арқылы жазбаша өтініш беруіңізді сұраймыз, – деді ол.

Іс бойынша тергеу тоқтап тұр

Самал Ибраеваның адвокаты Әділжан Маутқановтың айтуынша, тергеуші тергеу мерзімін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған. Соның салдарынан қазір іс бойынша тергеу жүрмей тұр. Адвокат іс материалдарымен де таныса алмай отыр.

– Менің өтінішхатыма жауап берген тергеуші істі Қазақстан Ішкі істер министрлігі зерттеп жатқанын, материалдар сол жақтан келген соң олармен танысуға мүмкіндік берілетінін айтты. ІІМ бүкіл Қазақстан бойынша Қыздар.нет сайтына қатысты істерді жинақтады. Іс ІІМ-де жатқанына қарамастан, министрлік өзіне жолданған материалдармен танысу туралы өтінішімді Астана полиция департаментіне қайта жолдады. Ол жақтан да істің материалдары келген соң ғана таныса алатыным туралы жауап алдым, – деп түсіндірді ол.

Заңгер прокуратураға жүгінгенінен де нәтиже болмағанын айтты. Маутқановтың сөзінше, қадағалау органы оның уәждерімен келісіп, тергеушіге іс материалдарын танысу үшін беруді тапсырған. Алайда тергеуші материалдарды ІІМ-нен алғаннан кейін ғана беретінін мәлімдеген.

Контекст

Еске салайық, Ulysmedia.kz порталының негізін қалаушы әрі бас редакторы Самал Ибраеваға 2025 жылы жазда кибершабуыл жасалған. Бейтаныс біреулер Қыздар.нет интим қызметтер сайтына Ибраеваның жалған фотосуреті мен телефон нөмірін жариялаған.

Ақпанда ІІМ қылмысқа қатысы бар адамдарды шетелден іздеп жатқанын, халықаралық сұраулар жолдағанын хабарлаған.