Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан бір ай өткен соң Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі елдегі әскери реформаның жоспарын мақұлдады. Қорғаныс министрлігі оны жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Жоспарға сәйкес, мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді, әскери омбудсмен институты енгізіліп, әскердің жаңа түрі құрылады. Алайда бұл өзгерістер әскерге шақырылған сарбаздардың қауіпсіздігіне кепіл бола ала ма? Ulysmedia.kz Қазақстан армиясын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын анықтауға тырысты.
Қауіпсіздік кеңесінің осы мәселеге арналған отырысын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясын жаңғыртуда жартыкеш шешімдерге жол берілмеуі керегін баса айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, әскери басқару жүйесін, сарбаздарды даярлау ісін, кадр саясатын, әскери білім беру мен техникалық жарақтандыруды түгел қамтитын кешенді реформа қажет.
Сондықтан реформа жоспарына Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын түбегейлі қайта қарау енгізілді. Командирлер әскерді тиімді басқарып, қорғанысты дұрыс жоспарлауға және техникалық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қабілетті болуға тиіс.
Ал әскердің қандай бағытта жаңғыртылатыны Ақорданың ресми хабарламасынан белгілі болды. Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер әскері құрылады.
Мерзімді әскери қызмет те түбегейлі өзгереді. Енді ол екі кезеңнен тұрады. Алғашқы алты айда әскерге жаңадан шақырылғандар оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Кейінгі алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарып, жауынгерлік даярлыққа ден қояды және бөлімше құрамында жүктелген міндеттерді орындауды үйренеді.
Реформа жоспарында кейбір қазақстандықтардың әскерге баруға құлықсыз екені де жанама түрде айтылған. Жастардың отансүйгіштік рухын арттыру үшін мамандандырылған әскери мектептердің саны көбейтіліп, алғашқы әскери дайындық жүйесі жетілдіріледі. Сондай-ақ, «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» әскери-патриоттық даярлық жүйесі күшейтіледі.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінбек. Ол үшін әскери кеңесшілер мен әскери қызметшілердің құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын құру көзделген. Сонымен қатар, әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынастың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту шаралары қолға алынады.
Қорғаныс министрлігі өзгерістерді жүзеге асыру жұмыстары басталғанын хабарлап үлгерді.
Құрылтай депутаты Константин Авершин әскери реформа жоспарының қабылдануы үлкен жұмыстың тек басы екенін айтады.
– Әскердің құрылымын, мекеме атауларын, лауазымдарды тез өзгертуге болады. Бірақ содан кейін казармада, полигонда және командирдің күнделікті жұмысында не өзгереді? Негізгі мәселе - осы. Меніңше, қазір реформаның игілігін әр сарбаз сезінуі аса маңызды, – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, реформа жоспарында қарастырылған шаралар әлдеқайда көп. Алайда олардың бәрін бірдей көпшілік талқысына шығаруға құқығы жоқ.
– Мен парламенттегі әскери реформа жөніндегі топтың мүшесімін. Қорғаныс министрімен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті атынан алты ұсыныс әзірледік. Қорғаныс министрлігі олардың барлығын жұмысқа қабылдады. Енді сол ұсыныстардың орындалуына күш саламыз. Өйткені ұсыныстың қабылдануы бір бөлек, оның әскердегі нақты өзгеріске айналуы бір бөлек. Бұл үшін әлі біраз жұмыс атқару қажет, – дейді Авершин.
Ол ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелердің бірі ретінде әскерге аудит жүргізуді атады.
Бұл бағыттағы жұмыс басталып кеткен. Тексерісті бірнеше мемлекеттік орган қатар жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік кеңесі жанынан Аида Балаеваның жетекшілігімен құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата да жеке тексеріс жүргізіп жатыр.
Алғашқы аудит нәтижелерінің өзі армияда мемлекеттік мүлікті жымқыру, жарғыға қайшы қарым-қатынас, тіпті зорлық-зомбылық деректері бар екенін көрсетті. Көптеген жағдай бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.
Әскер басшылығы арасында да ауқымды кадрлық өзгерістер мен ауыс-түйістер болды. Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы түгелге жуық жаңарды.
Өмір бойы Қарулы күштер қатарында қызмет еткен Дәурен Қосановтың орнына Мемлекеттік күзет қызметінен шыққан, соңғы екі жылда Арнайы операциялар күштерін басқарған Айдос Мырзахметов келді. Ал вице-министр қызметіне қаржы саласының маманы Татьяна Савельева тағайындалды.
Бұл тағайындаулардың өзі армияны түбегейлі қайта құру көзделіп отырғанын аңғартады.
Константин Авершиннің пікірінше, мұндай өзгерістер Қазақстанның өзін қорғауға қабілетті мемлекет болуы үшін қажет. Ал қоғам әскери абырой дегеніміз кемшіліктерді халықтан жасыру емес, оларды ашық мойындап, шешуге дайын болу екенін көруге тиіс.
– Әскердің қазіргі жағдайына шынайы баға беру қажет. Егер әскери техника жарамсыз болса, оны жасырмау керек. Егер бөлімше берілген тапсырманы орындауға дайын болмаса, мәселені әдемі есеппен бүркемелеуге болмайды. Қаржы нақты кемшіліктерді жоюға жұмсалуы тиіс. Ал жауапкершілік берілген өкілеттікке сай болуы қажет. Әр оқиға сайын төменгі буындағы командирлердің бірін кінәлі етіп шығарып, мәселе шешілді деп есептеуге болмайды, – дейді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстан армиясында шын мәнінде өзгеруі тиіс нәрселердің бірі – осы.
Біз депутатпен мерзімді әскери қызметке қатысты реформаны да жеке талқыладық.
– Әскери қызметті оқу және жауынгерлік даярлық кезеңдеріне бөлудің мәні түсінікті. Алдымен сарбазға әскери мамандықтың қыр-сырын үйрету керек. Содан кейін оны бөлімше құрамында нақты міндеттерді орындауға дайындайды. Оқу орталығында сарбаз қару-жарақ пен әскери жабдықтарды пайдалануды, байланыс құралдарымен жұмыс істеуді, алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгеріп, қажетті тәжірибелік дағдыларды игеруі тиіс. Ал әскери бөлімде осы білімін басқа сарбаздармен бірге іс жүзінде қолдануды үйренеді. Жауынгерлік даярлық әскери қызметтің бүкіл кезеңінде жалғасады, – деп түсіндірді Константин Авершин.
Дегенмен депутат бұл бастаманың өзіндік қиындықтары мен жасырын қауіптері де бар екенін мойындайды.
– Егер бір жылдық қызметті қағаз жүзінде екі кезеңге бөліп, іс жүзінде ештеңе өзгертпесек, одан пайда болмайды. Оқу орталықтарына білікті нұсқаушылар, тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу орындары, толыққанды тәжірибелік сабақтар қажет. Сарбаз әскери бөлімге жіберілмес бұрын оның алған білімі мен дағдылары міндетті түрде тексерілуі тиіс. Командир өзіне тиісті даярлықтан өткені расталған сарбазды қабылдауы керек. Сонымен қатар, оқу орталығындағы дайындықтың да әскери қызмет екенін ұмытпау қажет. Демек, бұл кезеңде де сарбаздардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі тиіс. Жарғыға қайшы әрекеттерге, мәселелерді жасыруға мүлде жол берілмеуі керек. Ең бастысы, сарбаз өзіне қысым көрсеткен адамнан рұқсат сұрамай-ақ көмекке жүгіне алуы тиіс, – дейді Авершин.
Депутаттың айтуынша, әзірге реформаның негізгі бағыттары ғана айқындалған. Оның қаншалық нәтижелі болатыны алдағы уақытта әскер басшылығының қандай қадам жасайтынына және қоғамның белсенділігіне байланысты.
Айта кетейік, дәл қазір әскерін реформалап жатқан жалғыз мемлекет Қазақстан емес.
Біздің елде бұл өзгерістерге түрткі болған жағдай – ел ішіндегі қайғылы оқиға. Алайда әлемде де назардан тыс қалдыруға болмайтын ауқымды қауіп-қатерлер бар.
Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, әлем елдерінің қару-жараққа жұмсайтын шығыны он жылдан аса уақыт бойы өсіп келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш рекорд деңгейге жетіп, 2,887 триллион доллар болған.
Қазақстан да қорғаныс саласына триллиондаған қаржы жұмсайды. Бірақ теңгемен есептегенде. 2025 жылы бұл салаға шамамен 1,4 триллион теңге бөлінсе, 2026 жылы шығын көлемін 1,5 триллион теңгеге жеткізу жоспарланған.
Әлемде әскери қызметке деген көзқарас та өзгеріп жатыр. Кезінде міндетті әскерге шақырудан бас тартқан елдердің өзі бұл жүйеге біртіндеп қайта орала бастады.
Мәселен, 2011 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатқан Германияда 2026 жылғы қаңтардан бастап Бундесверге еріктілерді қабылдау басталды.
Сонымен қатар, 18 жасқа толған ер азаматтар үшін міндетті сауалнама толтыру және әскери қызметке жарамдылығын бағалау қарастырылған.
Ал 2027 жылғы шілдеден бастап 2008 жылы туған және одан кейінгі шақырылым жасындағы ер азаматтар міндетті медициналық тексеруден өтеді.
Егер әскерге өз еркімен барғысы келетіндердің саны жеткіліксіз болса, парламент армияның қажеттілігіне қарай міндетті әскерге шақыруды қайта енгізу туралы шешім қабылдай алады.
Ұлыбритания болса, қарулы күштерін заманауи техникамен жарақтандыруға басымдық беріп отыр. Елде қару-жарақ сатып алу рәсімдерін жеңілдетіп, жеке технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты күшейту жоспарланған.
Қазақстанда да кейінгі жылдары армияны ұшқышсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз ете алатын өндіріс орындарының ашылғаны туралы бірнеше рет хабарланды.
Осындай кейінгі зауыт Павлодарда ашылды.
Бұған дейін Шымкентте әуеден түсірілім жасауға арналған дрондар өндірісі іске қосылғаны, Астанада әскери және азаматтық мақсатта қолдануға болатын отандық ұшқышсыз ұшу аппараттары әзірленіп жатқаны хабарланған.
Сондай-ақ, «Kazakhstan Engineering» ұлттық компаниясы мен Turkish Aerospace арасында ANKA соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру және техникалық қызмет көрсету желісін ұйымдастыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы ақпарат тараған.