АҚШ-та аты аңызға айналған The Beach Boys тобының әншісі әрі негізін қалаушылардың бірі Майк Лав 85 жасында өмірден өтті. Музыкант 28 қарашада кешке жақындарының ортасында көз жұмған. Оның қайтыс болғанын өнер иесінің өкілі жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кейінгі айларда Майк Лавтың денсаулығы сыр беріп, соның салдарынан топ бірнеше концертін өткізе алмаған. Әзірге музыканттың неден қайтыс болғаны ресми түрде айтылған жоқ.
Музыканттың ұлы кіші Майк Лав Instagram желісінде әкесіне арнап жазба жариялады. Ол The Beach Boys тобының әйгілі God Only Knows әнін еске алып, әкесін қаншалық жақсы көретінін жеткізді.
Топпен ұзақ жылдар бойы бірге өнер көрсеткен актер Джон Стамос та көңіл айтты.
Майк Лав - The Beach Boys тобының негізін қалаушылардың бірі. Топ 1961 жылы Калифорнияда құрылған. Оның құрамында Майк Лавпен бірге ағайынды Брайан, Деннис және Карл Уилсондар, сондай-ақ, олардың досы Эл Джардин өнер көрсетті.
Ұжым көп ұзамай 1960 жылдардағы америкалық музыканың символдарының біріне айналды. Жағажай, махаббат пен Калифорниядағы өмір туралы әндер музыканттарды әлемге танытты.
Лав California Girls, Good Vibrations және I Get Around сынды танымал әндердің жазылуына атсалысқан. The Beach Boys тобының әлем бойынша 100 миллионнан астам музыкалық жазбасы сатылған.
Ұзақ жылдар бойы бірге өнер көрсеткен The Beach Boys мүшелерінің арасында бірнеше рет келіспеушілік туындаған. 1990 жылдары Лав ондаған әннің авторы ретінде танылу құқығын талап етіп, Брайан Уилсонмен соттасқан.
Арадағы келіспеушіліктерге қарамастан, 2012 жылы музыканттар гастрольдік сапарға шығып, That’s Why God Made the Radio альбомын жазу үшін қайта бас қосты.
Лав ондаған жыл бойы The Beach Boys атауымен өнер көрсетіп, топ құрылғаннан бері оның шығармашылық жолын үзбей жалғастырған жалғыз мүшесі болды.
The Beach Boys тобының ең танымал туындыларының бірі – 1966 жылы жарық көрген Pet Sounds альбомы. Ол поп және рок-музыка тарихындағы ең маңызды альбомдардың бірі саналады.
1988 жылы топ Рок-н-ролл даңқ залына енсе, 2001 жылы музыканттар музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Грэмми» сыйлығының құрметті марапатына ие болды.