×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңаөзеннің наразы мұнайшылары тағы Астанаға келгелі жатыр: Әкім Ноғаев не дейді

02.06.2023, 12:13
Жаңаөзеннің наразы мұнайшылары тағы Астанаға келгелі жатыр: Әкім Ноғаев не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жаңаөзенде жұмыссыз қалған мұнайшылар кеше тағы үндеу жариялады. Оларға «Мөлдір мұнай» компаниясынан жұмыс ұсынылған. Алайда жұмыс тек жыл соңына дейін ғана берілетіні айтылған. «Мәселеміз сол күйі реттелмеді» деген мұнайшылар 15 маусымда қайтадан Астанаға келгелі отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше әлеуметтік желіде үндеу жариялаған мұнайшылар бірыңғай төлем жүйесі жөнінде де, еңбек қауіпсіздігі жөнінде де еш талабымыз орындалмады дейді. Олардың комиссия жұмысына көңілі толмайды. Қайтадан 15 маусымда Астанаға келгелі отыр.

«Сіз бұған дейін Өзенмұнайгаз компаниясы мен мердігер компаниялардың келісімшарты мерзімі үш жылға ұзаратынын айтқан едіңіз. Бірақ мұндай шарт мұнайшыларға әлі ұсынылмаған. Жалпы жағдай қайтадан ушығып кетеді деп ойламайсыз ба? Астанадағы әріптестеріңізге мәселені реттеудің қандай тетіктерін көріп, ұсынып отырсыз ба?» - деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан бүгінгі баспасөз мәслихатта.

Сауалға жауап берген Нұрлан Ноғаев алдымен «бұл сұрақтың тарихына көз жүгірту» керектігін айтады. Әкімнің айтуынша, қазір Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында қызмет көрсететін немесе мердігерлік жұмыстарды атқаратын 192 компанияның 57-і осындай жағдайға тап болған. Яғни тендерге қатысқан, бұрын жұмыс істеп тұрған мекеме тендерден ұтылып қалып, басқа мекеме тендерді ұтқан.

«ҚазМұнайГаз компаниясындағы әріптестеріміз қабылдаған шаралардың арқасында 57 компаниядағы 3 мыңнан астам адам жеңімпаз компанияға ауысты. Еңбек шарттары, жұмыс шарты, қаражаты қажет деңгейде болатындай – бұрын қызмет атқарған жұмыс орнынан төмен емес. Осы шаралар Жаңаөзендегі қазіргі отырған азаматтарға да ұсынылды. Бұл енді қатысқан тендерде жеңімпаз компанияның штатына бар деген ұсынысты қабылдаған жоқ. Себебі бұлар кезінде сол мекемеден әңгіменің шынын айтқанда даумен шығып кетті», - дейді Нұрлан Ноғаев.

Әкімнің сөзінше, Өзенмұнайгаз компаниясы мен мердігер компаниялардың келісімшартын үзақмерзімді етуді ҚазМұнайГаз компаниясы Самұрық-Қазынамен бірге шешкен. Яғни биылдан бастап мердігер компаниямен келісімшарт 3 жылға жасалады. Ал егер сол компания өзіне алған міндеттемені дұрыс орындаса, келісімшарт тағы 1 жылға ұзартылады.

«Яғни 4 жылға келісімшарт жасау жөнінде шешім қабылдады. Бұл бағытта 42 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде мекеменің материалдық-техникалық базасын жоспарлы түрде жасақтауға, мекеменің қаржылық-өндірістік жоспарларын ескере отырып жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау, жалақысын заңға сәйкес арттыру жөнінде, басқа да мәселерерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Әкімнің сөзінше, Мөлдір-мұнай Сервис компаниясында жыл соңына дейін жұмыс көлемі бар. Наразы мұнайшыларға сол жерден жұмыс ұсынылған. Ноғаевтың айтуынша, сол мекеме ұтып алған жағдайда 3+1 жылдық келісімшарт жасау жөнінде шешім болатыны айтылған.

«Бірақ азаматтар ол мекеменің материалдық-техникалық базасы нашар, еңбек қауіпсіздігі талаптарға сай келмейді деп тағы басқа сұрақ қойған. Қазір өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелермен айналысып келе жатыр. Талап қойып отырған азаматтарға жұмыс істеуге толық негіз бар деп есептейміз», - деді ол.

Әкім 15 маусымда мұнайшылар Астанаға келгелі жатыр деген ақпараттан хабардар екенін, «қажетті шешімдердің бәрі жігіттерге беріліп отыр, текетіреске тұрмай, екі жақтың мүмкіндігін қарастырып, шешім қабылдау керек» деп мәлімдеді.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.